13.05.2020, 16:22
Оқылды: 103

Шалқармен шаттанамын, алайда көңілде кірбің бар

 Ауыл – ұлттық құндылықтарымызды сақтаған, берекесі артқан киелі мекен. Оның топырағы, тауы мен тасы да ыстық. Тіпті, түтіні де тәтті. Әркімге өз ауылы, туған жері мақтан. Отанға деген құрмет, өз ауылымыздың табиғатын аялау сынды үлкен жауапкершіліктен басталады.

41C74505-4A17-4714-8736-D51E24E92C93

Сарыөмір ауылы, киелі Шалқар көлі мен Сасай тауының бөктерінде, қазақ әдебиеті тарихындағы қайсар қаламгер Хамза Есенжанов дүниеге келген жерде менің де өмірім өтуде. Осындай ғажап жерде кіндігімнің қаны тамғанына өзімді бақытты сезінемін. Алайда көңілде кірбің бар. Өйткені дәл қазіргі Шалқарымның экологиясы мені де, ауыл тұрғындарын да алаңдататыны сөзсіз. Сүйікті жеріміз көптен бері көптің көкейінде жүрген өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, табиғат адамнан көмек сұрайды. Шалқар көлі жыл сайын тартылып, таяздалған сайын оның тұздылығы артып, балдырлары көбейіп, балықтар азайып, қатты ыстық кезде көлден жағымсыз иістің шығуы жұртшылықты алаңдатуда. Соған қарамастан жыл сайын көлімізге арнайы келетін демалушылардың саны артпаса, кеміген жоқ. Әрине, оның өзі қуаныш. Бірақ келген демалушылар тазалықты сақтамайды. Көлдің жағдайы жыл сайын нашарлауы осындай демалушылардың немқұрайлылығынан деуге болады. Себебі тұтынған заттарды арнайы қоқыс жәшігіне емес, жолға немесе отырған жеріне тастап кетуін жиі көреміз. Сондай-ақ әжетхананы орынды пайдаланбауы, судың бетіне қалтқы сияқты заттарды лақтыруы, ауыл тұрғындарының сол суға малдарын жайылымға жіберетіні т.б кішкене ғана немқұрайлылық айналып келгенде табиғатқа осыншама залалын келтіруде.

B95D11A2-1150-4302-B6B0-BD665B3E7162

Шалқар көлінің жақсаруы тек қана қаржыға байланысты емес, сонымен қатар әр ауыл тұрғыны, демалушылар жауапкершілікпен қарап, табиғатты таза ұстауға септігін тигізсе игі. Көлдің «көңіл күйін» де ойлап, көмектесейік, ағайын!

 Мейрамгүл Мұхамбетқалиева,

11-сынып оқушысы,

Сарыөмір ауылы

 Оқырман хаты ой салды.

Шалқар туралы, көл табиғатының қорғалуы, тазалық шаралары, демалыс ұйымдастыру жайлы сауалымызды Теректі ауданындағы жауапты тұлғаларға жолдадық.

 Мейірбек Сұлтанов, Теректі ауданы, Шалқар ауылдық округінің әкімі:

E0660944-A770-4F36-97F4-4630AA0EF2E8

- Алыс-жақын елге танылған Шалқар айдыны жағасын мекен еткен халық көлін қызғыштай қориды. Қыстың күні су үстіне ойық ойып, балыққа ауа жібереді. Ерте көктемнен қара күзге дейін су жағалап, нәпақасын айырады. Жаздай демалған жұрттың артынан көл жағасын жинап-тазартады.  Шындығында, жазғы демалыстан соң көл басы қоқыс полигоны сияқты болып қалады. Өткен жылдары сенбілік жасап, жағаны тазартатын едік. Биыл пандемияға байланысты жаппай сенбілікке шығу мүмкін болмады. Сонда да, ақылы қоғамдық қызметтегі 5-6 адам қолынан келгенше жинастырып жатыр. Су жағасына демалыс ұйымдастыруға рұқсат болса, киіз үй тігемін деушілер бар. Көл басы таза болуы үшін қоқыс жәшіктерін қоямыз. Жергілікті учаскелік полиция қызметкері, округ әкімшілігі болып, демалушыларға тазалық сақтау жағын айтып жүреміз.

Бахтияр Карл, Теректі аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысы:

47A9BAB1-2D66-4C97-88FB-E6B0D0AAE78C

-Тек теректіліктер емес, алыстан ат арытып келетін талайдың сүйікті демалыс орнына айналған Шалқар көлі жағасы жаздың күні адамға толады. Орташа есеппен, күнге 100-250 адам демалатын шығар дейміз. Ұйымдастырылмаған демалыс орыны болмаған соң, адам санын да нақты айту мүмкін емес. Жазда жұртшылық демалысы «жабайы» түрде өтеді. Өзімен бірге шатыр әкеліп демалатындар бар. Әркім қалтасына қарай, «аяғын созады». Мысалы, бір күнге киіз үй жалдау 4-5 мың теңге шамасында. Жағдайы жасалған үйді жалға алу 10-15 мың теңгеге тартады. Демалыс орнын ұстаған адамдар кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмысын заңды негізде жүргізеді. Және олардан тазалық сақтауды талап етеміз.

Шалқар жағасы көпті қызықтырғанмен, қаржы салып, жағажайды абаттандырамын деушілер табылмай отыр. Оның басты себебі – көл басы тек жаздың күні ғана табыс әкеледі. Жалпы, инвестиция салушы табылса, жазда жағажай демалысын, қыстың күні мұз астынан балық аулау мен Сасай, Сантас тауларынан шаңғымен сырғанау ұйымдастыруға болар еді. Әзірге ондай инвестор табылмай тұр.

Лейла Ашықова, Теректі аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысы:

FA79FC23-32C9-4A04-B72F-B85A15745070

- Өз қызметімізде аудан аумағындағы ауданда орналасқан ашық су көздерінен мүмкіндігінше ай сайын су сынамаларын алып отырамыз. Сол жүйемен Шалқар көліне де жыл сайын мониторинг бойынша зерттеуге сынамалар алынады. Былтыр 19 су сынамасы 4 түрлі зертханаларда бактериологиялық, санитарлық-химиялық, паразитологиялық және вирусологиялық көрсеткіштер бойынша зерттелді. Жер үсті суы және ағынды су үлгілерін зерттеулердің хаттамалары адам ағзасына зиянды нәрселер анықталған жоқ. Ал көлдегі жағымсыз иіске келер болсақ, ол судағы жасыл балдырға байланысты. Бұны экологтар да растап отыр. Температура жоғары болған кезде судағы микроағзалар тез көбейіп, жасыл балдырлардың шіруі жылдамдайды. Сонда шіріктерден фенол пайда болады. Дәл сол себептен судың айналасында иіс мүңкіп тұрады. Оның адам ағзасына айтарлықтай зияны жоқ. Дегенмен сондай кезде суға түспеген абзал.

    ТүйінЖас ұрпақ табиғатқа жаны ашып, дабыл қағып отыр. Осы орайда тек Шалқар көлі емес, барлық су айдындары, жалпы қоршаған орта жайлы айтып кеткіміз келеді. Табиғат қорғалуы, орман-судың тазалығы тек өзімізге байланысты. Қоршаған ортаға қамқорлық көрсетіп, тазалық сақтайық.

 Камелия Қарекесова

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале