14.05.2020, 19:28
Оқылды: 45

Төрт айда бес қылмыстық топ құрықталды

"Ағымдағы жылдың төрт айында Ақжайық ауданы және облыс аумағында мал ұрлығымен айналысып келген бес қылмыстық топ қолға түсті, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде", - деп хабарлайды Ақжайық аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері.

C1E2CF9A-7731-419F-8428-A4E82219324B

Осы топтардың құрамында барымташылық жасап, ағайынның берекесін қашырған 13 ұры қамаққа алынған. Бір сорақысы, ұры алыстан әдейі ат арылтып келмеген көрінеді, олардың үшеуі өз ауданымыздың тұрғындары болса, қалғандары осында туып-өскен, осы аймақтың жай-жапсарын анық білетін, қазірде Орал, Атырау қалаларына көшіп кеткен ақжайықтықтар екен.

Аталған топтар Қылмыстық Кодекстің 188-нші «ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енді. Бір-бірімен байланысы жоқ әккі топтардың әрқайсысының үлесіне 2013 жылдан бері жалғасқан 4-5 эпизодтан келеді. «Айналаны түгел шарлап, талайды қан қақсатқан баукеспе ұрыларды қолға түсіру оңай болған жоқ, әрине. Қай қылмыскер болмасын, айласын асырып, ізін жасыруға тырысады. Өзгенің малына әбден құныққан олар өздерінің қылмыстық әрекеттерін алдын ала ойластырып, түгел сайланып барады. Мұның бәрі – алдын ала ойластырылып, сауатты ұйымдастырылған жедел-іздестіру шараларына уақытпен түк санаспай араласып, тергеу жұмыстарын сауатты жүргізген қызметкерлеріміздің еңбегінің жемісі. Осы тұста ізі әлдеқашан суып үлгерген қылмыстардың ашылуына сеп болып, куәгерлерден жауап алу, аймақтарды тінтіп шығу бойынша бірқатар шараларды дер уақытында іске асырған жедел уәкіл Аман Мұстағатов, учаскелік полиция инспекторлары Берік Қоспаев пен Азамат Әлішев, криминалист маман Дамир Жұмағұловтың еңбектерін ерекше атап өткім келеді» - дейді Ертас Бересұлы.

D6337279-CBF8-4779-9E6F-87BB5B837660

Ақжайық аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, биылғы 3 айдың өзінде 24 мал жоғалу деректері тіркелген. Салыстырмалы түрде алсақ, өткен жылдың осы кезеңінде бірде-бір мал ұрлығы тіркелмепті. Оны себебін полиция қызметкерлері биыл көктемнің ерте келіп, тұрғындардың иелігіндегі малын жайылымға ерте жібергендігімен түсіндіреді. Қазірдің өзінде аудандық полиция бөлімінде малын іздестірген ағайынның 39 өтініші бойынша қылмыстық іс қозғалған. Олардың 25-і бойынша іс аяқталуға жақын. Қарап отырсақ, бұл төрт түліктің басым бөлігі еркін жайылымда қолды болған көрінеді. Тек Бітік және Бударинде ғана түн жамылып келген ұрылар ауыл ішін алаңсыз аралап, құлыптанбаған қорадағы қойлардың ішінен шертіп тұрып қоңдыларын таңдап, көлігіне салып алып кеткен. Бүгінде бұл қылмыстық топтан зардап шегіп, 44 бас қойынан айырылғандарға материалдық шығын қайтарылуда.

Әлия Шарапиева

Суретерді түсірген Азамат Қанапия

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале