Орал қаласынан волонтерлар керуені келді.
Көшті бастап келген волонтерлардың 20-шы округ жетекшісі, облыстық қазақ күресі федерациясының вице-президенті Артур Шерғалиев. Бұрын-соңды ауданымызға келіп көрмеген жастар жолдан адасып, аудан орталығына емес, Хан ордасы ауылына ат басын тіреген екен. Өзге жерден емес, тарихы тереңге кеткен ауылға жеткендерінің өзін бір белгі деп топшылаған волонтерлар көмектерін осы ауыл тұрғындарына көрсетуді жөн санаған. Осылайша облыс орталығынан келген меймандар «Біз біргеміз» акция аясында Хан ордасы ауылының 7 отбасына 100 мың теңгеден астам қаржыны құрайтын азық-түлікпен көмектесті. Осы ретте айта кету керек, мұқтаж отбасы тізімін ауылдық округ әкімдігі анықтап берді.
Бойымызға ана сүтімен сіңетін адами қасиеттер, соның ішінде мұқтаж жанға көмек қолын созу сынды қайырымдылық тек туған ауылмен шектелмей, аяқ баспаған жеріңе де апаратынын осыдан көруге болады. Кең жүректі азаматтарымыздың күллі мұсылман халқы үшін қасиетті Рамазан айында көрсеткен жақсылықтары сауапқа жазылсын дейміз.
Раушан Бақытова,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz