18.05.2020, 16:13
Оқылды: 42

Қаратөбеде жолдың жыры конкурстан аса алмай тұр

 Жыл сайынғы аудан, округ әкімдерінің халық алдындағы есеп беру жиындарында, ең алдымен, елді мекендерді байланыстыратын жолдың мәселесі көбірек айтылады.
4C416F50-1874-4063-BCD3-A0153D330E86

Аудандық "Қаратөбе өңірі" газетінің өткен жылдың қазан айындағы санында осы мәселені көтеріп, халықтың жолдан қиындық көретіндігі жөнінде әңгіме қозғаған едік. «Баяғы жартас, сол жартас» дегендей, тұрғындардың көкейінде жүрген басты мәселе – жолдың жағдайы әлі күнге сол қалпында тұр.

Сала басшысы бұған осы жұмыстарды атқаратын мердігерді анықтайтын конкурстың әзірге өтпегендігі басты себеп деп түсіндіреді.

«Жол азабын көп жүрген біледі» демекші, жергілікті көлік жүргізушілері бұл қиындыққа көндігіп те қалған сынды. Олай дейтініміз, көбіне жолы тегіс қаладан ауданға келген көлік жүргізушілері ауыл жолдарының жайымен таныс болмағандықтан ба, біздің жүргізушілерге қарағанда сақтықпен, неғұрлым баяу жүреді. Аудан аумағындағы жолдардың жағдайы талапқа сай ма? Бұл қашанға дейін жалғасады? Мәселенің мәнісін білмек болып аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Сахиповты әңгімеге тарттық.

– Жылдың басында, нақтырақ айтқанда қаңтар айының 21-і күні аудан бойынша түрлі деңгейдегі жолдарды күтіп-ұстауға байланысты заң шеңберінде конкурс өткізу белгіленген болатын. Бірақ өтінім берушілер құжаттарының толық талапқа сай болмауынан конкурс өтпей қалды. Жолдардың жөнделмей жатқандығы осыған тікелей байланысты. Яғни мәселенің шешімін табуына конкурстың аяқсыз қалғаны кедергі болуда. Биыл қар ерте кетті. Жер сәйкесінше ерте қарайды. Жол жөндеу жұмысы жыл сайын мамыр айында жүргізіледі ғой.

Биыл да сол дәстүрге сай мамырда басталады деген ойдамын. Конкурс қорытындысына сәйкес жеңімпаз атанған мердігер жөндеуді қолға алатын болады.

CA4194C8-6958-46DE-BF22-A56CD0935DD8

Былтыр бұл жұмысты «Бақыт жолдары» ЖШС атқарды. Олар округ орталықтарына қатысатын жолдарға жыл мерзімдеріне байланысты қардан тазалау, қырып-тегістеу, тиісті жерге жол белгілерін орнату сынды жұмыстарды жүргізді. Конкурста жеңіп шыққан мердігерге шартқа байланысты қойылатын талаптарымыз болады. Жұмысты ережеге сай өз деңгейінде жүргізбеген жағдайда мердігермен келісім тоқтатылып, жауапкершілік талап етіледі.  

Аудан басшысы есеп беру жиындарында жолдарды реттеп отыру мәселесінің қолға алынатындығын, округ орталықтарына қатысатын жолдардың айына екі рет қырылып, тегістеліп отырылатындығын айтқан еді. Алдағы күндері конкурс өткеннен кейін бұл өзекті мәселенің түйіні шешіледі, – дейді Нұржан Хамидоллаұлы.

Конкурс өтпей жолға жөндеу жүргізілмейтіндігін, кез келгенге бұл жұмыс жүктелмейтінін, оған тек конкурста жеңімпаз атанған мердігер ғана құқылы екендігін алға тартады бөлім басшысы.

Мұны да түсінуге болады. Конкурс өтпей, мердігер әзірге белгілі болмағандықтан, жолдар қырылып, тегістелмей жатыр. Дейтұрғанмен халық өзінше қам-қарекет жасауда.

Сала басшысы Қаракөл ауылдық округі тұрғындарының өз күштерімен округке қарасты Алакөл ауылынан Тоқсейіт елді мекеніне дейін, Тоқсейіттегі «Жолбарыс» шаруа қожалығының жетекшісі Батырбек Жұмағалиев аудан орталығына дейінгі жол аралығын қырып, тегістегені жөнінде хабардар екендігін жасырып отырған жоқ.

Аудан орталығындағы жолдардың да қырылып, тегістелмегеніне біраз уақыт болған сынды. Себебі көше бойы кедір-бұдыр, шоқалақ, әр жерден кездесіп жататын топыраққа көмілген тас пен жерге қадалған металл сынықтары. Күтіп ұсталған жолдың көзге көрініп-ақ тұрары сөзсіз.

Жолымыз жөнді болып, діттеген жерге қиындықсыз жету – жолаушы атаулының мұраты. Әсіресе қыс айларында көптеген қиындықтар туындайды. Көктем, күз мезгілдерінің суы мен балшығы, көктайғағы, жолдың дірілдегі жолаушыны қажытып, көліктің жүруіне қиындық туғызатындығы сөзсіз. Нақтылап айтқанда, көлікке де, жолаушыға да обал.  

Қорыта келгенде, егер осылай конкурс өтпесе, жол жөнделмеген қалпында қала бере ме? Тұрғындар тілегі қашан орындалмақ? Жолдың жайы – елдің мұңы. Ал елдің мұңы ескерілуге тиіс.

 Ерболат Райсов

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале