Теректі ауданында «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ұмытылып бара жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды дәріптеу, жаңғырту мақсатында «Жастар - дәстүрлі құндылықтар үшін» тақырыбымен онлайн-байқау өтті.
Сайыс шартына сәйкес қатысушылар Instagram әлеуметтік желісінде «birlik_qb» парақшасына тіркеліп, 1 минуттық видеосын осы парақшаны белгілей отырып жүктеді.
Байқауға 7 үміткер қатысуға өтініш білдірген. Аудан орталығы Федоров ауылынан қатысқан Еламан Зайдоллаев «Ант ішу», Айсезім Тілекқабыл «Түйемұрындық», Гүлфарида Есқайырова мен Замир Қабиев «Біз шаншар», Айжамал Аққайырова «Босаға майлау», Альфия Утепбергенова «Қазан шегелеу», «Байғазы», «Табу», «Бесік жыры» және «Тұсаукесер», ал Покатилов ауылының тұрғыны Арман Махсотов «Амандасу» дәстүрін видеоға түсірді.
Дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттаған сайыстың нәтижесін ұйымдастырушы Бағдат Адайхан тікелей эфир арқылы жариялады. Сонымен комиссия мүшелерінің шешімімен 40 ұпай жинаған Альфия Утепбергенова І орын тұғырынан көрінсе, 30 ұпайды еншілеген Айжамал Аққайырова ІІ орын алды. 29 ұпаймен Еламан Зайдоллаев пен Айсезім Тілекқабыл ІІІ орынды иеленді.
Ұйымдастырушылар сайысқа қатысушылардың үйлеріне арнайы барып, бағалы сыйлықтарын табыс етті.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz