Қасиетті Рамазан айында Бөрлі аудандық мұсылмандар мешіті және «Берекелі жамағат" еріктілер тобының мұрындық болуымен «Рамазан сыйы» қайырымдылық керуені өз жалғасын тапты.
Бұл жолы қайырымдылық керуені аясында Успен, Жаңаталап, Александровка, Ақсу, Ақбұлақ, Пугачев ауылдарындағы аз қамтылған 50 отбасыға қайырымдылық сөмкелері таратылды.
Елдегі карантин кезінде үйлерінде отырған бөрлілік көпбалалы отбасылар мен мұқтаж жандарға жеткізілген қоржында: құрма, күнбағыс майы, пакеттегі сүт, картоп сынды күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлері қамтылды.
Әрбір жасалған жақсылықтың сауабы 70-тен 700-ге дейін еселенетін Құран айында көмек алған отбасылар "Рамазан сыйын" ұйымдастырған дін өкілдері мен еріктілерге алғысын жаудырып, ризалық білдіруде.
Естеріңізге сала кетейік, қайырымдылық керуені аясында қасиетті ай басында Бөрлі ауданының шалғай жатқан Қанай, Бөрлі, Бумакөл, Приуралье, Жарсуат ауылдарындағы 50 отбасына азық-түлік салынған сөмкелер таратылған болатын.
Осымен "Рамазан сыйы" керуенін екінші рет ұйымдастырып отырған Бөрлі аудандық мешіті мен "Берекелі жамағат" еріктілер тобы қайырымдылық қоржынын тұрақты таратуды көздеп отыр. Жесірін жылатпаған, жетімін қаңғыртпаған бауырмал қазақ, қасиетті айда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, мұқтаждарға ауыз аштырып, қуаныш сыйлағаны абзал.
Бөрлі аудандық мешітінің баспасөз қызметі