Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылында төрт-бес сұлулық салоны бар. Соның бірі – «Айкербез». Көпшілікке сұлулық сыйлаған бұл салонның иесі Фариза Құсайынова.
Ол кісінің мамандығы қаржыгер, алайда қазіргі таңда шаш қиюмен шұғылданып жүр. Жан дүниесі есепті емес, сұлулықты сүйетін кейіпкеріміз шаш қиюдың қыр-сырын оралдық мамандардан лезде үйреніп алған. Кейін өз кәсібін ашып, дөңгелетуді мақсат тұтқан.
– Шаштараз үшін ең жақсы жарнама – көрсетілетін қызметтің сапасы. Осы орайда халықтың көңілінен шығатындай етіп аянбай еңбектеніп жүрміз.
Бүгінгі уақытта салонда 9 қызметкер бар. Олардың әрқайсысы өз ісінің шебері. Шаш қию 1000 теңгеден басталады, ал шаш үлгісін жасау 3500 теңге. Қызметіміздің сапасын жоғары бағалайтындардың саны күн санап көбеюде. Бұл кәсіпті өз күшімізбен аштық. Жалпы, әр пенде ерінбей алдына мақсат қойса, алынбайтын қамал жоқ деп ойлаймын. Тек арман асқақ, мақсат айқын болса жеткілікті. Соған қарай талпынып еңбектену қажет, – дейді кейіпкеріміз.
Айтпақшы, салонның атауын қыздары Айкербездің есімімен байланыстырып қойған екен. Жолдасы Қайрат екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған шаттыққа толы шаңырақ!
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz