«Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында республикалық бюджеттен 10 млн. 134 мың теңге бөлініп, Шыңғырлау ауданы орталығындағы Қазақстан көшесінде жаяу жүргіншілер жолының құрылысы басталды.
Ұзындығы 800 метрге созылатын тротуардың жұмысын жергілікті «Мансур» ЖШС жүргізіп отыр. Осы жылдың мамыр-шілде аралығында жүзеге асырылатын жұмыстардың сапасына мән берілмек.
«Өткен 2019 жылы аудан орталығындағы бірқатар көшелерге жаяу жүргіншілер жолдары салынды, кей жерде қайта жөнделді. Л.Қылышев, С.Датов, А.Құнанбаев көшелеріндегі жалпы ұзындығы 2 шақырымнан астам жаяу жүргіншілер жолы халық игілігіне пайдалануға берілді. Биыл ауылдағы ұзын көшелердің бірі, әрі аудан әкімінің есептік кездесулерінде жиі көтерілетін көше тұрғындарының сұрауы бойынша Қазақстан көшесінде қиыршық тас төсеу құрылыс жұмыстары басталды»,- дейді Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ғ.Жұмағазиев.
Жаяу жүрушілер тас жолда көліктермен жағаласа жүріп, өмірлеріне қауіп төндіру мәселесі біртіндеп болса да азайып келе жатқаны қуантады. Тек тұрғындар сол игілікті күтіп ұстай білсе!
Аман Ізмұхан
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер