Біз «жастар алдыңғы шепте жүруі керек, жастар белсенді болуы тиіс» деп жиі айтамыз. Осы сөздерге лайық жастар тірлігі, міне, тағы да сүйсіндіріп отыр. Шыңғырлау аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының мамандары «Қоқыс менікі емес, бірақ ауыл менікі» ұранымен көпке үлгі болар, ой салар тазалық науқанын бастап кетті.
Олар ауыл маңындағы, тоғай арасындағы тұрғындар ойланбай лақтыра салған қоқыстарды жинап, ауылдың экологиялық тұрғыдан таза болуына атсалысты. Өздерінің осындай ерікті істерімен олар барша ауыл тұрғындарын тазалық сақтауға, табиғатымызды аялауға, өзен-көліміздің суының мөлдір болуына үлес қосуға шақырып отыр. Жалынды ұранымен, жігерлі тірліктерімен разы етіп отырған оларға «бәрекелдіден» басқа айтарымыз жоқ.
Жастар жақсы істі бастады, осы бастаманы одан әрмен іліп алып кету өз қолдарыңызда ауылдастар!
Назым Айқын
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz