Аудандық «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» газетіне аудан тұрғындары сауал салып, өз ауылдарындағы түйткілді мәселелерді жолдап отырады. Сондай үшбу хабардың бірі Новопавлов ауылы тұрғындарынан келді.
Жыл басындағы әкімдердің есептік жиынында ауыз су құны қымбат екенін айтқан тұрғындар «суға субсидия рәсімдеуге құжат жіберілді. Мәселе қаралып жатыр» деген жауап алды. Артынша наурыз айында аудандық газеттің 11-12 санында «Новопавлов ауылдында текше метр судың құны 40 теңге болды» деп сүйіншілеп жазған екенбіз.
Сөйтсек, су арзандауы тек бір ай ғана болған. Қазір новопавловтықтар текше метр суға 200 теңге төлейді екен.
Су құнының сонша ауытқуы неден болды және су арзандайды ма деген тұрғындардың сауалын біз аудан аумағындағы ауыз су жүйесіне жауапты «Теректі - Таза су» ЖШС басшысы Руслан Ғалиевке жолдадық.
- Иә, Новопавлов ауылында ауыз су құны қазір 200 теңгеден. Алдыңғы жылы да сондай болды бағасы. Қаңтар айында біз Новопавлов ауылын су субсидиясын алуға тізімдемеге енгіздік. Содан соң халыққа жеңілдік береміз деген мақсатта асығыстық жасап, судың текше метріне 30 теңге белгіледік. Республикалық бюджет ол ауылға қаржы бекіткен жоқ. Өз есебімізден судың бағасын бір ай төмен бағамен ұстадық. Әрі қарай сол бағаны ұстап тұруға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы рұқсат етпеді. Сондықтан судың құны қайтадан текше метрге 200 теңгеден. Жалпы, 200 теңге де төмендетілген құн, өйткені текше метр судың нақты құны 643,71 теңге. Яғни біз су бағасын көтерген жоқпыз. Ал жеңілдетілген құнмен текше метр суға 30 теңгеден төлеу тек республикалық бюджет қаржы бөлген кезде ғана мүмкін болады,-дейді Руслан Маратұлы.
Оның айтуынша, бұл мәселемен Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тікелей айналысып жатқан көрінеді.
Сауалға жауап дайындаған: Камелия Өтеу
Теректі ауданы
zhaikpress.kz