Сырым аудандық ауруханасында терапия бөлімінде 29 жыл бойы табан аудармастан еңбек етіп келетін елдің сүйікті дәрігері Айгүл Анесова бүгінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында әлемді жайлаған тәжіндетпен күресуде. Індетке шалдыққандар арасында жүр. Дәрігерлер жетіспегендіктен, ақпан айында резервтік бригадаға қойылған болатын. Гиппократ антына адал, алдыңғы орынға қызметін қоятын әйел-ана жуырда жарық дүниеге немересі келсе де, шаңырақ шаттығына бөленуге, әже болып, балдан тәтті немересін иіскеуге мұршасы болмады.
Жұтынған аждаһадай COVID-19 жұқпасымен айқасуда. Бірінші орынға жұмысын қою дәрігердің әдетіне айналған. Сәуірдің 24-інде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына көмекке шақырылып, содан үйіне барған емес. Немересінің суретін тек телефоннан көріп отырады.
Біз Айгүл Ерсайынқызымен телефон арқылы хабарласып, хал-жағдайын, жұмысы туралы біліп, аудандағы ахуалға байланысты ақыл-кеңесін сұрадық.
– Жұқпалы ауру басқа ауруларға қарағанда жедел дамиды, оны уақытында диагностикалап, тез емдеу тактикасын қолдану керек. Әрқашан қорқынышта жүресің, қандай жұқпалы ауру шығып қалады екен деп. Коронавирустық инфекция жұқтырған кейбір науқастар ауруын мойындағысы келмейді, енді біреулері қатты уайымдайды. Сондықтан ауруларды емдеумен қатар, оларға психологиялық қолдау, көмек те береміз. Қауіпті топтың арасында жүкті әйелдер, қарт адамдар, қатерлі ісікпен есепте тұратындарға алдымен көңіл бөлінеді. Коронавирустың қауіптілігі – тез жұғатындығында, адамның жасын талғамайтындығында. Уақытында емделмеген жағдайда және қосалқы қант диабеті, жүректің ишемиялық аурулары, артериалды гипертензия, семіздік сияқты аурулары бар адамдарда асқыну болады. Полисегментарлы пневмония тез дамиды.
Қатты ауырып бір науқас түссе, сонымен бірге қиналып, ауруды тезірек жазуға барымызды саламыз. Бір адам жазылып шықса, бәріміз бірге қуанамыз. Обаға қарсы қорғаныш костюмімен жұмыс жасау ыңғайсыз ғой, ақ халатымды қазіргі киіміме айырбастап, оған да үйреніп кеттік. Біп-бірдей түгел тұмшаланған киіммен кейде дәрігерлер бір-бірімізді танымай да жатамыз. «Сіз кімсіз?» деп тұруға мұрша жоқ, жұмыс қауырт. Қасымда Сырым аудандық ауруханасының екі медбикесі – Жанар Гаитова мен Динара Ихсанова бар. Қызметіне берілген қыздар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасындағы дәрігерлер мақтауда.
Әр дәрігер өз науқастарын түскен кезде қабылдап аламыз. Індетке шалдыққан жандарды қарап, ем тағайындап, күніне 1, кейде 2 рет жағдайын тексеріп тұрамыз. Кезекшілікке тұрып, ауру түссе қабылдап, ауруханаға жатқызамыз, - дейді Айгүл Ерсайынқызы.
Күнде тәжіндетке шалдыққан адамдарды көріп, емдеп, қасында жүрген жұқпалы аурулар дәрігерінен жерлестерімен тәжірибесін бөлісуін, COVID-19 жұқпасынан сақтану жайында ақыл-кеңес беруін өтіндік.
– Коронавирустық инфекциядан сақтануға әр адам өзі үшін, отбасы үшін мүдделі болуы керек. «Сақтансаң, сақтайды» дегендей, алдын алу шараларына аса мән берген жөн. Мүмкіндігінше ұзын жеңді киім, басқа бас киім, орамал киіп, шашты көрсетпей жүрген жөн. Вирус адамның денесінің ашық жеріне, шашына тез жабысады. Бетпердені үнемі кию керек. Бетті, көзді, шашты қолмен ұстауға болмайды. Бетперде киіп жүрген адам аузына, мұрнына, бетіне қол тигізбейді. Әрқашан қолды сабындап жуып, антисептикпен залалсыздандырып отыру керек. Ауыз қуысын фурацилин ерітіндісімен, тұзды сумен, хлоргексидин ерітіндісімен шайған абзал. Мұрынды әлсін-әлсін шаю керек, өйткені вирус көбіне мұрын қуысында шоғырланады. Шектеу қойылған ауызашар, қонақтық, туған күн жасамай, халық шоғырланған жерге бармай, әркім өзінің отбасымен болып, сақтанғанның вирустан аман қалуға мүмкіндігі мол,-дейді маман.
«Жағдай жақсарып, індеттің беті қайтып, үйіме аман-есен жетіп, тәп-тәтті немереммен қауышсам», - дейді жас әже.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы
zhaikpress.kz