27.05.2020, 9:43
Оқылды: 55

Теректілік Нариман Көпешов жылыжай шаруашылығын дөңгелетіп отыр

Көп еңбек еткен адамға бақыт басын иеді. Рас. Маңдай термен келген еңбекпен ғана бақытқа кенеліп жүрген жандарды көргенімізде «әп, бәрекелді!» деп, қуанышты жүзбен қарап, кеуде керетініміз бар. Сондай адамдардың бірі – Нариман Көпешов. Ол Теректі ауданы, Ақсуат селолық округіне қарасты Әйтиев ауылында жылыжай шаруашылығын дөңгелетіп отыр.

E947D4A1-9C1B-4E9C-9250-CEDF74A2C1FD

Оның кіндік қаны тамған жері – Абай ауылы. Еңбекпен есейген Нариман  көкөніс өсіріп, жылыжай салуды армандаған. Енді, міне, бүгінгі таңда еңбегі жанып, бастаған ісі ақырындап табыс әкелуде.

– Негізі ұзақ жылдар бойы банк саласында қызмет атқардым. Кейін жылыжай саламын деген арманыма бір табан жақындайын деген оймен осы щкәсіпкерлікке бет бұрдым. Ең әуелі «қай жер бос, топырағы құнарлы ма?» деп сұрастыра келе, Әйтиевтің жеріне тоқталдым. Жылыжайдың жалпы аумағы 4 гектар. Кәсіпті бастауға «Агро Бизнес» мемлекеттік бағдарламасы аясында 30 млн.теңге несие алдым. Қай іс болмасын, әу баста оңай болмайтыны анық. Кәсіпкерлікке келген әр адам қиын жағдайларға мойымай, табандылық танытып, ерінбеу қажет деп ойлаймын. Сонда ғана ойлаған шаруа өрге қарай домалайды.

733534B1-3FE8-4252-BC53-07CFC053EF55

Қазір Нариманның жылыжайының 3000 шаршы метрі іске қосылған. 2500 шаршы метрінде қияр, қалған  жерінде қызанақ өсіп жатыр. Жылыжайдың алдындағы қосымша жерге тағы да басқа бақша дақылдарын салған.

-Жылыжайға қиярдың «Северин», қызанақтың «Лиденза» деген сұрыптарын Алматы қаласынан алып ектім. Жалпы, әр өнім мұқият күтімді талап етеді. Сондықтан көкөністердің өсіп-өнуін қадағалап тұратын 3 қызметкер күндіз-түні  жылыжайдың басы-қасында. Сапалы өнімге сұраныс қашанда жоғары болатыны белгілі ғой. Көкөністі сатып, пайда табу үшін қаладағы сауда орындарымен алдын ала келісіп қоямын. Пісіп-жетілген өнімді теріп алған соң, соларға апарып сатамыз. Сонымен қатар цитрусты дақылдардың бірі – лимон өсіріп көруді бастадым. Лимон ағашы үш жылда ғана өнім береді. Сондықтан бұған көп уақыт кетеді. Мұны тек байқап көру үшін еккен болатынмын.

Көкөніс өсіру – тек тұқымды топыраққа көміп қою емес. Оларды балаша мәпелеу керек. Айталық, олардың «шөлдеп және тоңып қалмауын» әлсін-әлсін бақылап тұру қажет. Мәселен, баламыз тоңып қалмасын деп жылы киімін әпереміз ғой, сол секілді жылыжайдың температурасын бір қалыпты ұстап тұру  үшін ұдайы қадағалап отырамыз. Жылыжайдың сыртын жауып тұрған целлофан сырт көзге жәй жабын болып көрінгенімен, алайда оның сапасы мықты әрі іштегі өсіп тұрған өсімдіктің өсіп-өнуіне септігі көл-көсір. Айта берсек, өсімдік баптаудың қыр-сыры мол. Жалпы алда жоспар көп. Бір шарауаны бастаған соң, оны аяқсыз қалдырмай, еңбектену керек, – дейді Нариман Махамбетұлы.

Жылыжай ішіндегі бұтасы майысқан қызанақтар мен сабағы иілген қиярларды көре тұрып «қалауын тапсаң, қар жанар» дейсің. Бәрі де алда!

Тақырыпқа  тұздық

Қажет кәсіпке керек кеңес

Жылыжайда қызанақ көшетін отырғызу ерекшелігін назарларыңызға ұсынамыз. Сырт көзге оңай болғанымен, көшетті отырғызудың өзіндік құпиясы бар, ол бірнеше кезеңнен тұрады. Айталық, әдетте жылыжай топырақтарының құрамы бақылауда болады. Жеңіл құмды немесе суқұмды топырақтар – 20...30%;торф – 50...60%; көң компост – 20...30% көлемінде қолданылады. Өсіруді бастамас бұрын бактериялар мен саңырауқұлақтардан залалсыздандырылады.Тұқымдарды биологиялық препарат фитолавинмен (тұқымды себуден бұрын 0,2%-ға 2 сағат суландыру) өңдейді. Түбірін отырғызу кезінде үштен біріне қысқартады. Содан кейін ғана тез тармақтала бастайды. Осыдан кейін ғана көшеттер арнайы құтыларға отырғызылады.

40EF9C39-BBE9-4F3B-A283-CCFA885321FB

Ал 18-20 күн өткен соңкөшеттер таратып отырғызылады. Егер көшет тығыз орналасып, күн тек төбесінен ғана түссе, онда жоғары бойлай өсуі байқалады екен. Көшет ұзарып, әлсіз бола бастайды. Сондықтан, ара қашықтықты қадалаған дұрыс. Бір шаршы метрге 20-28 көшет орналастырылады.

Қиярды қалай дұрыс отырғызу керек?

Қияр – асқабақ тұқымдас бір жылдық жапырақты өсімдік. Жылуды, жарықты, ылғалды жақсы көреді. Қалыпты өсуі үшін жылыжай ішіндегі температура +15°С-тан кем болмауы тиіс. Осының бәрін ескеріп, жылыжайдың жылуын реттеп отыру керек. Әсіресе алғашқы отырғызған күндері, гүлденіп, тұқым байлана бастаған кезде ерекше күтімді қажет етеді. Тозаңдандыру үшін даладағыдай ара болмағандықтан, арнайы дәрілерді әрбір гүлге егіп шығады. Мәселен, бір гектар жылыжайға 15-16 мың дана қиярдың көшетін отырғыза аласыз. 2-3 см тереңдікте сеуіп, 8х8 см құтыда өсіріледі. Өскін пайда болған кезде электр жарық жүйесін қосады. Өскіндер – 240 Вт/м2, 2-3 күн тәулігіне – 24 сағат, одан кейін 10-12 күн тәулігіне – 16 сағат.  Көшеттерді таратып орналастырғаннан кейін – 120 Вт/м2, 10-12 күн тәулігіне – 14 сағат, одан кейін 10-12 күн тәулігіне – 12 сағат.

Температуралық режим: Өскін болғанға дейін +27 °С, өскін пайда болған +21…23 °С күн түсіп тұрған күні +19…20 °С бұлтты күні және түнде +18…19 °С. Ауаның ылғалдығы 70-75% құрауы тиіс. Көшетті жылы сумен (+25…28 °С), топырақтың ылғалдылығын 75-80% НВ дейін жеткізе отырып жаудыру жүйесі арқылы суарады. Өскін топырақ бетіне шыққаннан 12-14 күн өткен соң өсімдіктер қатары бір-біріне жанасқанға дейін көшеттер бөлектеліп отырғызылады (бір-бірінен 20...28 өскіннен). Көшеттерді 30 күннен кейін тұрақты орындарына отырғызады. Осыдан кейін өскін тез өседі және сапасы төмендейді. Өскінді отырғызар кезде оның 5-6 жапырағы, дамыған тамыр жүйесі, 25-30 см биіктігі, жер үстіндегі салмағы 35-40 г болуы тиіс.

Самал Жамет

Теректі ауданы

  zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале