Биыл Ақжайық ауданында жалпы ұзындығы елу шақырымдай кіреберіс жолдар жөнделмек. Бұл тізімде Жайық, Ілбішін, Алғабас және Жаңабұлақ ауылдары болса, алғашқы екеуінде жөндеу жұмыстары басталып та кетіпті.
«Ауданішілік маңызы бар кіреберіс тас жолдардың жалпы ұзындығы 335 шақырым болса, оның екі пайызы бұрын жөндеуден өткен. Биыл республикалық бюджет есебінен төрт ауылдың жолы жөнделетін болады. Айта кетер болсақ, Жайық ауылында 3,3 км, Ілбішін ауылында 4,1 км, Алғабас ауылында 37 км және Жаңабұлақ ауылының 4,3 км жолы жөнделетін болады. Жайық, Ілбішін ауылдарының кіре беріс жолдарының жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жөндеу жұмыстарын «Тоби» ЖШС жүргізуде.Тайпақ, Алмалы, Мерген, Ақсуат және Бударин ауылдарының жолдарына жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Бірер жылдан кешіктірмей, бұл ауылдардың жолын да жөндеу жоспарымызда бар», - дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылбек Жаншин.
Асылбек Ғабитұлы әңгімесі барысында болашақта аудан орталығындағы көптеген көшелерді жөндеу жұмыстары да жоспарда бар екенін аңғартты. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бюджетке тәуелді, уақыт еншісіндегі жұмыс.
«Қазіргі таңда Ілбішін ауылындағы жол жөндеу жұмыстары енді басталса, Жайық ауылындағы жолдың 30 пайыз бөлігіне асфальт, бетон жамылғысы төселіп тұр. Екі жұма ішінде асфалт жамылғысы төселіп бітеді. Жолдың жиегін жөнге келтіріп, сақтандыру белгілерін қоюды қоса есептегенде, шілдеде жұмыс толық аяқталады. Жөндеу жұмыстарының кедергісіз жалғасуына техникамыз да, жұмыс қолымыз да толық жеткілікті. Қалада өзіміздің асфальт зауытымыз бар, сондықтан жұмысты тез бітіруге толық мүмкіндік бар», - дейді құрылыс учаскесінің бастығы Мерхан Бапаков.
Мердігер мекеме осыған дейін де аудан орталығындағы жолдарды жөндеу жұмыстарына араласқан екен. Жауапты мамандардың айтуынша, осыған дейінгі жұмыстарын сапалы аяқтаған.
Рауан Таңатжанұлы
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген Азамат Қанапия
zhaikpress.kz