Сырым ауданында 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Зұлмат жылдар» атты қысқаметражды фильм түсірілді.
Туынды «Демалыс орталығы» мекемесінің тапсырысымен Жымпиты халық театры түсірген. Рөлдерде де театр актерлары ойнайды.
«Зұлмат жылдар» - аты айтып тұрғандай басы ашаршылықпен басталып, соңғы нүктесі қазақтан шыққан оқыған, зиялы азаматтарды қуғындап, құртумен аяқталған ХХ ғасырдың 30 – 40 жылдары аралығындағы зобалаң уақыттың шындығын көрсетеді. Басты кейіпкер, Батыс Алашорда үкіметінің мүшесі Әлімжан Есмырзаев - қазақ дербес мемлекеттілігін, ұлтының азып-тозбай, қамсыз ғұмыр кешуін аңсағаны үшін «Халық жауы» атанып, атылып кеткен Алаш қайраткерлерінің прототипі. Қызыл империяның дәуренінде «шаш ал десе бас алатын» большевиктер де, оларға сатылған Әлімжанның досы сияқты екіжүзді сатқындар да, азамат басының ажалы аштықтан болған Амангелдідей байғұстар мен оның жанұясы секілді замана желі селдіреткен әулеттер де, басын ойламай, елін ойлап, Алаш қызметінде жүрген Сәлімгерей сияқты қарапайым қазақтар да болды. Фильм сондай тағдырларды Алаш мұраты жолында тоғыстырады.
Алғашқы жұмыстары болғанына қарамастан Армат Жүсіпқалиев, Еркегүл Өтенғалиева, Нұрлыбек Байниязов, Ақылбек Бекболатов, Мейрамбек Кеңесов, Армат және Бекзат Жұмагелдиевтер өз рөлдерін өте тамаша ойнаған. Сценарий авторы және режиссері әрі басты рөлді сомдаушы – Сәндібек Өтеғалиев. Фильмнің операторы және дыбыс режиссері – Наурызбай Өмірзақов.
Фильмді «Сырым елі» газетінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасынан көре аласыздар.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz