3.06.2020, 10:44
Оқылды: 173

Сырымда Абдолла оқуларының жеңімпаздары анықталды

Сырым аудандық "Сырым елі" газеті көктемгі демалыс кезінде басылымның 90 жылдық және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75, даңқты батыр, дауылпаз ақын Абдолла Жұмағалиевтің туғанына 105 жыл толуына орай оқушылар арасында Абдолла өлеңдерін оқудан онлайн-байқау жариялаған еді.

dav

Айға жуық уақыттың ішінде редакция поштасына 25-ке жуық жұмыс түсті. Олар тіркеліп, газеттің Facebook желісіндегі ресми парақшасына шығарылды.

oznor

Төтенше жағдайдың ұзарып кетуі мен Сырым ауданына карантиндік шектеу шараларының енгізілуі байқаудың марапаттау шарасын кейінге шегеруімізге себеп болды. Өткен аптада «SJ» коворкинг орталығында Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев, Сырым аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Гүлдана Шайхиева, «Сырым елі» газетінің журналистері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Шынар Молданиязова, Айжан Амангелдинадан құралған комиссия қатысушылардың жолдаған бейнежұмыстарын бірге тамашалап, бағалау жасады. Комиссия төрағасы, «Nur Otan» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев отырысқа қашықтықтан қатысты. Олар оқушылардың өлеңді оқу мәнері, сезінуі, дауыс ырғағы және актерлік шеберлігі бойынша бағалады.

dav

Комиссияның шешімімен, өлеңді тек оқып қоймай, реквизиттерге де көңіл бөлген әрі Абдолла Жұмағалиевтің 29 шумақтан тұратын «Ақбоз атты жауынгер» өлеңін жатқа оқыған Қ.Мырзалиев мектебінің 4-сынып оқушысы Нұртаза Амандық жүлделі І орынға, Ж.Досмұхамедов атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Айзере Мереке ll орынға, ал Бұлдырты орта мектебінің 1-сынып оқушысы Рахман Хайырбек ІІІ орынға ие болды. Әлеуметтік желіде аса көп қолдауға, дәлірек айтсақ 605 лүпіл мен 396 пікірге ие болған Қ.Мырзалиев мектебінің оқушысы Айару Амандәулетке арнайы сыйлық және Аралтөбе орта мектебінің 5-сынып оқушысы Тұрар Оралбаевқа «Сырым елі» газетінің жүлдесі берілді.

dav

І орын алған Нұртаза Амандыққа Жұмағалиевтер әулеті, ІІ орынның иегері Айзере Мерекеге А.Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебі, ал ІІІ орын алған Рахман Хайырбекке «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігі демеуші болып, сыйлықтар алып берді. Кеше газет редакторы Бауыржан Ширмединұлы мен Абдолла Жұмағалиевтің інісі Шайдолла Жұмағалиев жеңімпаздар мен жүлдегерлердің ауылдары мен үйлеріне барып, жүлделерін өз қолдарына табыс етті. Барлық қатысушыларға редакция атынан алғысхаттар жолданды.

sdr

Бұл байқау – Абдолла шығармашылығын насихаттау бағытындағы алғашқы байқау, І Абдолла оқулары ретінде есте қалды. Газет редакциясы игі шараны дәстүрге айналдырмақ.

dav

dav

 Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале