8.06.2020, 12:33
Оқылды: 71

Шыңғырлауда Сегізсай деген ауыл бар...

Жақсылықты көктен сұрауды көбейткен сияқтымыз. Дұрыс қой, сенім деген құдіретті күштің адам өміріне ықпалы күшті. Ал енді төккен тер ше, ол да өте нәтижелі, тіпті сенімді нәтиже екеніне дау жоқ. Тек маңдай терді игілікті іске, өзің мен еліңнің ырыздығы үшін тамшылатсаң, халқыңа да, Һаққа да бір табан жақындай түсеріңе күмән жоқ. Айтпағым, ауыл туралы. Алыстау жатқан ағайынды күнде барып көріп тұру мүмкін емес, оның үстіне үндемей келіп бас салған пандемия деген пәленің ауыл-елді қамап тастағаны тағы бар. Ауылдағы тіршілікке қайтпек керек, аз-мұз малы, бірер жұмысы бар ағайынға «өз қотырын өзі қасудан» басқа жол да жоқ секілді. Себебі сол карантиндік режим, қатынастың шектелгені.

segizsai (1)

 

Ауданымызда Сегізсай атты шағын ауыл бар. Шалғай орналасқан елді мекеннің арғы-бергі тарихтан сыр шертетін киелі мекен екені ел аузында. Ұлы Жібек жолы бойында орын алған бұл ауылдың аталмыш транзиттік тас жолдан 4-5 шақырымдық қашықтығы бар. Сол 4-5 шақырым бүгінгі күнге дейін ауылдың бейнеті еді. Бала кіштесе де балшыққа айналатын әлгі арақашықтық көліктің не кіруіне, не шығуына бой бермей, үлкен уайымға айналатын. Ауылдағы бұл жағдай аудан басшылығына да аян болғанымен, «сабақты иненің сәті келмей» жүргені де шындық еді. Өйткені  аудан орталығынан сол ұлы жолға дейінгі басталған жол жөндеу жұмысының аяқталуы алдағы жылдарға есептеліп қойған, ал ауылған қатынас күнделікті керек.

Әлемді үркіткен үрейлі вирустың індеті карантин режимін талап етті. Ауылдағы жастар, әлменді азаматтар жұмыстарына бара алмай ауылда отырып қалды. Осы тұста ел жігіттері ұйымдасып, ақылдаса отырып әлгі жолды дұрыстап алуға кірісіпті. Әрине, метрмен емес, шақырыммен есептелетін жолдың жөнделуіне ауыр техникалар, біраз қаражаттың керегі айдан анық. Мұны ауыл жігіттері үлкендермен ақылдаса отырып, реттегенге ұқсайды. Мысалы, ауыл азаматтары Нұрболат Кенжебаев 100 000 теңгеден бастап, Марат Сүйіндіков, Қуаныш Исанқұлов, Нариман Айтжанов, Әсет Төребаев, Амандық Кальниязов қаржы жиып, осы іске белсене кіріскен. Ауылдың бұрынғы тұрғыны Берік Айтжанов 2 "КамАЗ", 1 арнайы трактор техникасымен көмекке келген.

Нәтижесінде 4-4,5 шақырымдай жерге 80 "КамАЗ" бор төселді. Бұрыннан ізі бар биік жолдың қыр жақ бетін су жиналушы еді, бұл да жолдың тез бұзуына әкеп соға беретін, осы жолы су өтетін екі үлкен құбыр да салынды.

segizsai (2)

Бор жынысы жақсы тапталып, тегіс орнығып қалса кейін көп езіле бермейтін жыныс әрі бұл маңда ең жиі кездесетін қолжетімді құрылыс материалы. Осы себепті ауыл жігіттері жөндеуге осыны пайдаланыпты. Енді жолдың өн бойына жағалай үйілген борды тегістеу үшін арнайы техника керектігі айтылуда. Қанша дегенмен мұндай жұмысқа икемделмеген техникасыз, ойдағыдай тегістеу жұмысы жүрмесі анық. Бұл енді жергілікті аудан басшылығына құлаққағыс, қандай да бір мүмкіндік болса, қарап қалмасына көңіл сенеді.

Сондай-ақ ауыл жігіттері ауыл маңындағы бұлақтардың да көзін ашып, ата-бабаларымыз жасаған сауапты істі жалғастырыпты.

Мұндай игілікті істердің бұрыннан арқауы үзілмейтін бұл ауылда. Ауылдағы бала саны тіпті азайып, мектебі жабылуға қараған тұста да мұндағы жұрт облыстағы балалар үйінен ата-анасыз мұңлықтардың талайын асырап алып, ауылды да сақтап, Аллаға да сүйкімді қадамдар жасап еді. Бүгінде ержетіп кеткен сол буын балалар бұл ауылды туған мекенім, туған үйім деп таниды. Олардың біразы әскери борышын өтеп, қоғамнан орнын тапса, әлі кішкенелері ауылда өсіп жатыр. Бұл тұста ауыл мақтанышына айналған бір жайды да айта кеткен жөн, осы ауылдың осындай «киімді» ұлы Сұлтан Мұқашев ауыл мектебін үздік бітіріп, Қаратөбе ауданының мектеп-гимназиясына түскен-тін. Бүгінгі күні Қаратөбе мектеп-гимназиясының 11-сыныбын ерекше аттестатпен және Алтын белгімен бітірді. Ал ауыл «біздің баламыздың жеңісі – біздің ауылдың жемісі» деп қуанулы!

Тап-таза ауыл тіршілігін ұстанған сегізсайлықтар – мал өсіруді мықтап қолған ауыл. Табиғаттың көркемдігі, даланың шүйгіндігі, суының мөлдірлігі де шаруа баққан жандарға сеп. Қазірде ауылдан өретін түліктен, әсіресе қойдың қарасы мол. Жылқы да әжептеуір көбеюде. Ауыл ахуалын осыдан да аңдауға болады. Биыл ауылда түлігін түгендеуге, байқастап жүруге үлкен көмек боп отырған мототехниканың саны артқан. Яғни шағын ауылды шаңдатқан басым көпшілігі «Suzuki», «LTM» маркалы 13 шетел мотоциклдері жүйткіп жүр. Бұл да «айранын ұрттап, қойын құрттаған» ауылдың берекесі әуелі еңбек, сосын өздеріне деген сенім екенін көрсетеді.

Ауылда бүгінде 40 түтін бар, бір қызығы бірде-бір бос үй жоқ. Ал қалалы жерлерден мамыражай тірлік пен берекелі бірлік патшалық құрған ауылға көшіп келуге ынталылар көбейген. Бір өкініштісі, бірде-бір үйі бос емес ауылға тұрғын үйлер тұрғызылмаса, бұл талаптанудың тағдыры талайлы. Мысалы, былтыр Ақшат ауылынан келген мектеп директоры үй болмағандықтан, өз отбасын көшіріп әкеле алмаған, қыстайғы қызметін ауыл үйлерінің бірінде жатып атқарған.

Ауыл жасы, жоғарғы оқу орнының студенті Әли Сүйіндіков:

«Ауылдың хәлі жақсы, таршылық көріп жатқан ешкім жоқ, әркім қолынан келген тіршілігін жасап жүр, қаймақ-май сатып, бау-бақша егіп, мал бағып, жазғы шөп шабу маусымына техникаларын дайындап жатыр. Алыстан көмек күтпей көп шаруаны өздері тындырып үйренген. Мысалы, ауылдың шетінде көктемгі су жырып кеткен жерге Ақсайдан 2 құбыр әкеліп салып, орынын тегістеп тастады ауылдағы ер-азаматтар», – дегенді айтады.

Ел болған соң мұқтажы да бар ауылдың. Қолдан келетінді өздері-ақ қамдап алатын еңбекқор ауылдың қолдан келмейтінге қардар тұсы – интернет желісі. Интернет жылдамдығының тым төмендігі көп шаруасы онлайн-форматта орындалып жатқан бүгінгі карантин тұсында әбден-ақ кедергі. Оқуларын ауылда, үйден жалғастырғандар үшін қиындық өте-мөте көбейген. Осы бір өтініштің ел тізгінін ұстаған тұлғалардың құлағына жеткенін қалайды ауыл тұрғындары.

Ауыл мен азаматтардың хәл-ахуалын жеткізгісі келген ел ақсақалы Зарлық Сүйіндіков қарияның арнайы өтініші, ел азаматтарының өнегелі ісі ескерусіз қалмасын деген ой осы бір мақаланы жазуға түрткі боп отыр. Себебі ауыл әдемі әдептің ғана емес, адамгершілікті тәрбиенің, азаматтық ұстанымның, елжіреген елжандылықтың өнегелі ортасы. Мұның бір дәлелі осы бір адамгершілікпен атқарылған ізетті іс пен ауызбіршілікке ұйыған ауыл!

Қаршыға Елемесов

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале