10.06.2020, 12:05
Оқылды: 25

Ақжайықтық малшылар электр бақташыны қолданысқа көптеп енгізуде

Ел экономиканың тірегі – ауыл шаруашылығын цифрландыру дала еңбеккерінің табысын еселей түсері анық. Ақжайық ауданында да заманауи құрылғылардың көмегімен өз жұмысын әлдеқайда жеңілдетіп, шаруасын оңтайландырған жандар жеткілікті. Малын ұшатын «дронға» тапсырып, иелігіндегі жерін электр бақташымен қоршап, күннің сәулесін пайдасына жаратқан осы әріптестерінен үлгі алған шаруалардың қатары біртіндеп қалыңдап келеді.

baktashy

Сөзіміздің дәлелі – екі жылдың ішінде Ақжол ауылдық округінің өзінде үш шаруа қожалығы электр бақташы орнатып, жаңа үрдіске бет алды. Атап өтер болсақ, «Өркенде» қожалығы 3 млн. 300 мың теңгеге 20 шақырымын, «Мұқаш» 2 млн. 200 мың теңгеге 15 шақырымын, «Орынғали» 900 мың теңгеге 7 шақырымын ток сымдармен қоршапты.

Жақсы іске ұйытқы болатын жанның болатыны рас, әрине. Осы орайда ақжолдық ағайынның жаппай жаңа құрылғыларды орнатуына сеп болып жүрген азамат Алаужан Мұқашевті сөзге тартқан болатынбыз. Былтыр 8 шақырымдық, биыл 6 шақырымдық шабындығын электр қоршаумен қоршап, өзгелерге үлгі көрсеткен ол малды бақташымен бағып, аптапта күнге күйіп, боранға ығатын күндердің артта қалғанын айтады. «Электр қоршаудың тиімділігі шаруаға молынан. Бұрын бұқаны бағуға бөлек бақташы қажет болса, қазір қоршаудың ішінде емін-еркін жайылады. Әрі малшы ағайынның арасында дау-дамай да туындамайды. Қожалығым округке қарасты Битілеу ауылына жақын орналасқандықтан, жеке адамдардың малы шабындығыма жиі түсіп кететін. Буып-түйіп, жинап қойған шөбімізді шашып тастаған кездері қаншама. Қазір оның бәрі сап тиылды. Жаңалықтың бәрі жақсы, сондықтан заман көшінен қалмаған жөн», – дейді жас шаруа.

Ауылдағы бірқатар ағайынға электр бақташымен көмектескен Алаужан 4-5 қожалық иелерінің хабарласып, заманауи құрылғыны алуға ниет білдіргенін айтады, әзірге карантин режимі тосқауыл болып тұр. Оқшаулау режимі аяқталған күнде олар өз шаруаларын жүзеге асырмақ. Алаужанның сөзінше, малды қыстақтың арманына айналған қоршауды орнатудың түк қиындығы жоқ. Бағаналарын бекітіп, құрылғыға ток көзін беретін аппаратты орнатып, сымын тартуға әрі кетсе бір-екі күн кетеді. Айта кетейік, бұл аппараттың кемінде бір жыл жұмыс істейтініне зауыт кепілдік береді екен. «Басты артықшылық, – дейді кәсіп иесі, – электр бақташы жерді тиімді пайдалануда таптырмайтын құрал. Қоршаған алқапта жайылған малдың тұяғынан жер тозып жатса, жаңа жерге көшіруге де ыңғайлы».

Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале