Жәнібек аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Айгүл Қуатованың сөзіне сүйенсек, аудан бойынша коронавирус жұқпасын жұқтырғандар саны 14-ке жеткен. Соның үшеуі дертті сырттан әкелген (біреуі Теңіз кен орнынан, екеуі Орал қаласынан), бір жағдай жергілікті жерден, қалған он адам ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар.
– Әлеуметтік құрамына келетін болсақ, 14 адамның 4-уі медицина, 2-уі полиция, 2-уі білім беру саласының қызметкері. Өкініштісі сол, 1 адам жұқпа салдарынан қайтыс болды. Эпидемиологиялық талдау барысында коронавирустық инфекциямен тіркелген науқастардың 28 пайызында клиникалық белгілер жоқ, симптомсыз. Статистика бойынша жұқтыру көрсеткіші 0,8 пайызға тең. Ауру ошақтарында науқастармен қарым-қатынаста болғандар анықталып, тексеруге сынамалар алынып, оқшауланды, – деді Айгүл Жеңісқызы.
Оның айтуынша, жұқпа ауру науқаспен жақын және ықтимал қарым-қатынаста болғандар арасынан табылып отыр. Вирус тасымалдаушылар жұқпаны жұқтыру көзі болып келеді. Карантиндік шаралар жеңілдеген уақытта тұрғындар тарапынан сақтық, шектеу шаралары сақталмайды. Соның салдарынан ауырғандар саны өсуде. Екінші жағынан, әлеуметтік желілерде коронавирус инфекциясынын қауіптілігіне күмән келтірушілік, сенбеу деректері ұшырауда. Мұндай жалған ақпараттар инфекцияның таралуының бірден бір себебі болып саналады. Науқас туралы жедел хабарлама түскен бойда ауру ошақтарына эпидемиологиялық тексеру күні-түні жүргізіледі. Ауданда карантиндік режимнің, дезинфекциялық шаралардың сақталуын қадағалау үшін әкімдік жанынан мониторингтік топ құрылып, топ мүшелері дүкендерді, қоғамдық тамақтану орындарын, жұмысын жаңадан жандандырып жатқан нысандарды тексеруде.
– Коронавирус жұқпасынан қорғану үшін тұрғындар карантин кезінде шыдамдылық тануға тиіс. Көпшілік шараларға бармауға, ұжымдық, отбасылық мерекелік шараларды (той, мерейтой, садақа, т.б.) өткізбеуге, оқшаулану ережелерін сақтауға, қоғамдық орындарда немесе дүкенге барғанда бетперде киюге, әлеуметтік қашықтықты сақтауға, антисептиктерді пайдалануға жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау өте қажет. Елімізде төтенше жағдайдың аяқталғанына қарамастан, қауіптің әлі де сейілмегенін атап көрсетемін. Үй-жайларды, жұмыс орындарын тұрақты түрде (әрбір 2 сағат сайын) желдетіп тұруға кеңес беремін. Үйде, жұмыс орындарында есік тұтқаларын, ажыратқыштарды, қызметкерлердің үстелдері мен орындықтарын, кеңсе техникасын, көпшілік пайдаланатын орындарды дезинфекциялауға баса назар аудару керек. Аурудың симптомсыз өтуіне әркім өз отбасының денсаулығы үшін жауапты, – деді басқарма басшысы А.Қуатова.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер