Бүгін БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің және оның аумақтық басқармаларының мамандарынан, жергілікті атқарушы орган мен қоғамдық кеңес, «Атамекен» ҰКП және жергілікті полиция қызметі өкілдерінен тұратын арнайы мониторингтік топ мүшелері адам көп шоғырланатын сауда орындары мен базарларды аралады. Мақсат – тұрғындардың санитарлық талаптарды орындауын қадағалау.
Тексерісті «Алтын алма» және вокзал маңындағы «Михаил» базарында өткізген мониторингтік топ өкілдері карантин режіміне мойынсұнбаған сатушылар мен тұрғындарды анықтап, оларға ескерту жасады.
– Рейд қорытындысында «Алтын алма» базарының әкімшілігіне ескерту жасалды. Базарлар қарапайым халықтың жиі аяқ басатын орны саналады. Ал осы нысандардағы сақтық шаралары талаптарға сай орындалса ғана жағдай қалыпқа келетінін түсінген абзал. Баршаға ортақ тәртіпті бұзбауға кәсіпкерлік нысандардың иелері де түрткі болуы шарт. Болашақта да бұндай тексерістер жалғасады, – деді Орал қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Алтынбек Нұрсұлтанов.
Қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Роза Хасенова барлық сауда орындары мен базарларда бетпердені дұрыс кимеу немесе мүлдем шешіп тастап жүру, әлеуметтік арақашықтықты сақтау сияқты санитарлық талаптардың сақталмайтынын айтты.
Мониторингтік топ мүшелері осы күні барлық жерде арнайы қол залалсыздандырушы сұйықтықтың пайда болғанын құптағанымен бас санитар бекіткен талаптарды орындамаған кәсіп иелеріне қатаң ескерту жасады.
Түгелбай Бисен,
Суреттерді түсірген Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер