Сырым ауданында "Жасыл ел" еңбек жасағының І-ші кезегі жұмысын бастады. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ғимаратының ауласында "Жасыл ел" сарбаздарына арнайы киімдер табысталды.
Айта кетейік, "Жасыл ел" жасағына аудан бойынша 15 жас қабылданып отыр. Олардың 12-сі аудан орталығының абаттануына, ал 3-уі Бұлдырты ауылдық округінің көгалдандануына атсалысып, еңбек ететін болады.
"Жасыл елдің" сарбазы болу – жастар арасында үлкен беделге айналуы керек. Сарбаз атану – туған жеріңнің дамуына үлескер болу. Студенттер, жұмыссыз жастар бос уақыттарында еліне қызмет етіп, мекенін гүлдендіруге, көгалдандыруға атсалысса, екіншіден, жазғы демалыстарын тиімді өткізіп, табыс табады, – дейді жоғарыда аталған орталықтың басшысы Нұртілеу Болат. ⠀
"Жасылелдіктермен" Жымпиты ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Д.Жанклишев, Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев танысып, сәт-сапар тіледі. COVID-19 вирусының алдын алу мақсатында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық орталық мамандары арнайы шақыртылып, сарбаздарға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер