16.06.2020, 10:48
Оқылды: 102

Тасқалада шабындыққа қолайлы жерлер тізімделді

  Тасқала ауданы әкімі Алдияр Халелов ауылдық округтерді аралау барысында біраз мәселеге көз жеткізді. Оның ішінде жасалып жатқан және жоспарда тұрған жұмыстарды аяқтай барып көрді.

????????????????????????????????????

Аудан әкімі алдымен Ақтау ауылдық округінің кіреберісіндегі бұлақтың басына барып, бөгеттің жұмысын тағы бір рет пысықтады. Айта кетсек, бөгеттің ауылға әкелетін пайдасы зор. Ауыл тұрғыны Асқар Көшәлиевтің айтуынша, аталмыш бөгет бұзылмай тұрғанда ауылдың шетінде үлкен көл болған. Оған аққулар қонып, түлік біткен мейірі қанғанша су ішеді екен. «Шыны керек, сондай көріністер ауылдың сәні еді ғой», – деп еске түсірді ақтаулық азаматтар. Ал қазіргі таңда бөгеттің жағдайы мүлдем бөлек. Егер аталған орынның мәселесі шешілсе, сай-салаға жан бітіп, ақтаулық тұрғындарды бұлақтың суы қарық қылар еді.

Аталған су қорғау бөгетінің қайта жөндеу жұмыстарын ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мен «БҚО Тасқала ауданы Ақтау ауылының су қорғау бөгетін қайта құру» нысаны осы айда бастады. Ақтау ауылының су қорғау бөгетін қайта құру жобасының мердігері «Brat.M» ЖШС. Жобаның жалпы сомасы – 55,36 млн. теңге. Жұмыстар 2020 жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде. Бөгетті жөндеу жұмыстарына жауапты мердігерге аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы жүргізілетін жұмыстың сапалы болуын қадағалап тапсырды.

–  Қазір қай жерге барсаңыз да бөгеттің мәселесі көтеріледі. Аты аталып тұрғандай, көктемде келген суды бөгеп алмаса, жаз бойы ауыл тұрғындары судан тапшылық көреді. Бос судың болмауы малға да зиянын тигізеді. Сондықтан қолға алынып жатқан бөгеттің қайта жөндеу жұмыстары ақтаулықтар үшін зор маңызға ие. Атқарылып жатқан істің игілігін көру үшін алдымен оның сапалы болуын басты назарда ұстауымыз керек. Осы орайда мердігер компания өкілдеріне жұмысты жүйелі түрде жүргізуді тапсырамын, – деді аудан әкімі.

Одан әрі Ақтау ауылдық округіндегі фельдешерлік-акушерлік пункті мен жалпы орта білім беретін мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеудің қазіргі қарқынымен танысты. Оған жауапты «Аяла» ЖШС басшысы Алтынбек Мергенов пен ауылдық округ әкімі Нұрсейіт Белгинге күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы мен уақытында орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.

????????????????????????????????????

Әрі қарай аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы бастаған жұмысшы тобы далалық жерлерді аралауға жолға шықты. Аралау барысында аудан көлеміндегі бос шабындық жерлер бейнеленген карта да назардан тыс қалмады. Осы жерде айта кететін жайт, көптен бері өзектілігін жоймаған Жайықбай каналына жан бітіп, арнасы суға толды. Бұл мәселе де атқарылған игі істердің басында тұр десек, қателеспеспіз. Хош, сонымен сол маңда жайылып жүрген мал қазіргі күннің ыстығында танауларын суға малып тұр. Ендігі күн тәртібінде тұрған мәселе – шабындыққа қолайлы жерлерді тізімдеу болатын.

Ашығын айтсақ, аудан бойынша шабындық жерлердің тапшы болуы шаруаларды да, қорасында малы бар жекелеген адамдарды да ойландырып отырғаны рас. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Камидолла Омаров пен жол көрсетуші II Шежін ауылдық округі әкімдігінің статисті Абзал Мұқашев бар, Мереке ауылының аумағына дейінгі жерлерді қызметтік көлікпен шолып шықтық. Өңірдегі шабындық жерлердің жайымен танысып, суретке түсірдік. Негізінен, сапарымыздың мақсаты биылғы мал азығынан тапшылық көріп отырған ауылдық округтерге аталған ауылдардың маңынан қажетінше шөп шауып алуға кеңес беру болатын. Аудан әкімі бастаған топтың далалық жерлерді аралап жүргендегі басты мақсаттары да сол еді.

????????????????????????????????????

Тасқала аудандық "Екпін" газетінің өткен санында жариялағанымыздай, Мерей ауылында өткен халық пен билік арасындағы кездесу барысында біраз мәселелер ортаға тасталып, талқыланған болатын. Оның ішінде егіндік жерлерге бағымсыз малдардың түскені, биылғы мал азығының тапшылығы да айтылған еді. Осы жолы далалық жерлерді өз көздерімен көрген ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімінің мамандары Мереке ауылдық округіне қарасты 10 мың гектар бос жер учаскесіне мал азығын дайындауды көздеп отыр. Енді арқаны кеңге салмай, ерте қамдануға кіріскен жөн.

Темірболат Әнуарұлы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале