Теректі ауданы әкімінің орынбасары Ержан Досмақов ауыл шаруашылық құрылымдары су тапшылығын тартып отырған Шағатай, Ақсоғым, Ақжайық, Аңқаты ауылдық округінің әкімдері мен канал бойында орналасқан шаруа қожалықтары басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында Ақжайық ауылы маңында Жайыққа салынған қалқымалы су сорғы станциясы арқылы арнаны суландыру, жайлаудағы малға су жеткізу мәселесі талқыланды.
Мәселені тиімді шешу үшін қожалық басшылары өз ойларын ортаға салып, су жүргізу жолдарын қарастырды. Нәтижесінде, ысырапсыз пайдалану үшін суды арна бойымен арнайы құбыр арқылы жіберу немесе цементтелген арық жасау қажет деп тапты. Арық бойынан немесе құбырдан әр шаруашылық өзіне су тартып, оған арнайы су есептегіш орнату және пайдаланған су көлеміне ақы төлеп отыру жайлы да ұсыныс түсті.
Аудан әкімінің орынбасары Ержан Нұржанұлы Теректі ауданының ауыл шаруашылығы бөлімі қызметкерлеріне канал жұмысын жандандыру үшін су сорған кезде әр текше метрге шығындалатын қуат мөлшерін, ал ауылдық округ әкімдеріне арна бойында бағылатын жеке және шаруашылықтардағы мал саны мәліметтерін 23 маусымға дейін анықтауды тапсырды.
Камелия Өтеу
Теректі ауданы
zhaikpress.kz