Әмбеге аян, Мұса Төлегеновтің өмір жолы, тіршілік-тынысы Теректі ауданымен тығыз байланысты. Өйткені ол кісі өңірдің өсіп-өркендеп, кең қанат жаюына сүбелі үлес қосты.
Талай белді қызметтерді абыроймен атқарды. Халқы үшін жанын сала еңбек еткенін елі біледі. Әлі күнге дейін жыр қылып айтудан шаршаған емес әсте.
Әмәнда жүзі жарқын жан жетпіс жасқа келді. Осы орайда бүгін Теректі ауданың әкімі Әділ Жоламанов мерейтой иесін құттықтады. Жылы лебізін білдірген аудан басшысы дәстүр бойынша иығына шапан жапты.
Айта кетейік, ол кісіні тек аудан халқы ғана емес, облыс жұртшылығы да сыйлап құрметтейді. Соның айғағы ретінде, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғ.Қапақовтың алғысхатын қоғамдық келісім және әлеуметтік бастамалар бөлімінің басшысы Бекқали Бержанов жеткізді.
Емен-жарқын жүздесу барысында Мұса Орынғалиұлының кезінде бірге еңбек еткен бір топ әріптестері де сөз алып, ақжарма тілектерін ақтарды.
Адам ұрпағымен көрікті. Бүгінгі уақытта немере қызығын көріп отырған туған күн иесіне ұзақ ғұмыр тілейміз!
Айшабибі Мәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz