24.06.2020, 9:30
Оқылды: 87

Халық сенген полицей

Мемлекеттің ішкі тәртібін сақтауда үлгілі еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының бірі – жәнібектік полиция майоры Айбек Мамаев ішкі істер саласында ұзақ жылдар қызмет атқарып келеді.

1F33F147-35DB-4089-93A8-2A963DE18CBD

Айбек Ерболатұлы 1975 жылы 23 ақпанда РФ, Волгоград облысы, Палласовка ауданы Эльтон ауылында дүниеге келді. Аудан орталығындағы №1 орыс мектебін бітірген соң Жәнібек совхоз училищесіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Ақтөбе қаласындағы №6665 әскери бөлімде Отан алдында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін еңбек жолын Жәнібек ауданындағы «Орбита» коммуналдық кәсіпорнында радиомеханик қызметінен бастаған. 1997 жылы Жәнібек ауданы бойынша мемлекеттік тергеу комитеті бөлімінің уақытша ұстау изоляторының кезекшісі, аудандық полиция бөлімі мен Орал қаласында партрульдік полиция жүргізушісі қызметтерін атқарған. 2005 жылдан 2014 жылға дейін аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының полицейі, криминалдық полиция тобының кіші жедел уәкілі, учаскелік полицияның көмекшісі, кезекші бөлімінің инспекторы лауазымдарында жұмыс істеген. 2014 жылдан бастап осы күнге дейін аудандық полиция бөлімінің аға кезекші инспекторы қызметін атқарып келеді.

Ішкі істер саласына өз өмірін арнаған полиция майоры Айбек зайыбы Айгүл екеуі 2 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп отыр. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат отбасында күнделікті күйбең тірлік арасынан уақыт тауып, бала тәрбиесіне де ерекше мән береді. Соның арқасы болар тұңғыш қызы Алина Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің 3-курс студенті. Ұлы Әлижан Ақтау қаласында әскери борышын өтеуде. Әсем мен Ералы аудан орталығындағы №1 мектеп-лицейдің 5-сынып және мектепалды даярлық тобының оқушылары. Олар сабақтарын үздік оқып, болашақтан мол үміт күттіреді.

6AF5BDFF-1278-42CF-ADDC-039672D2DA1D

-Кезекші бөлімде тәулік бойы халықтан түсетін хабарламалар, аудан тұрғындарының барлық арыз-шағымы мен талап-тілектері, күні бойы болған оқиғалардың түгелі дерлік кезекші бөлімнің «102» нөміріне дамылсыз қабылданады. Біреуді ұрып кетті, түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзды, ұсақ бұзақылық сынды хабарламалар да жиі тіркеледі. Бөлімшеде 2 ауысымда 3 адам жұмыс істейміз,- деді полиция майор.

Бүгінгі таңда кезекші бөлімшесінің қызметкері Айбек Ерболатұлы өз жұмысын сапалы атқара білгенінің нәтижесінде тұрғындардың сенімінен шығып, алғысқа бөленіп отыр. Ішкі істер органдарындағы ұзақ жылғы еңбегі еленіп, ІI және ІІI дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған.

Гүлзара Тілекқабылқызы

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале