Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» қоғамдық-саяси газетінің ұжымын төл мерекелерімен құттықтады.
- Ақпараттар секунд санап алмасып жатқан, цифрлы технологиялар заманында журналистерге жүктелген міндет жеңіл емес. Әлемдегі ақпарат майданы дендеп тұрған тұста бесаспап журналистердің кәсіби шеберлігі елдің ішкі, сыртқы саяси ахуалының тұрақтылығының кепілі. Ауданымыздың айнасы «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» басылымы халық пен атқарушы орган арасында алтын көпір орната білді. Қоғамдық-саяси газет ретінде бұқараның базынасын билік өкілдеріне жеткізіп, мемлекет саясатын насихаттаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Сіздердің қырағы тілші, қарымды қаламгер ретінде өңір журналистикасындағы орныңыз ерекше. Ауданымыздың қоғамдық өмірі мен әлеуметтік ахуалынан хабардар етіп, ел алғысына бөлендіңіздер. Бүгінгі төл мерекелеріңізде дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға амандық тілеймін. Қаламдарыңыз мұқалмай, жақсы жаңалықтардың жаршысы болып жүре беріңіздер, - деп Әділ Тауфикұлы әр тілшіге алғысхат пен бағалы сыйлығын ұсынды.
80 жылдан астам тарихы бар газет ұжымына ақжарма тілегін арнаған аудан басшысы газет бетінен сыни мақалалармен қатар сараптамалық ақпараттарды да көргісі келетінін жасырмады.
Газеттің директор-редакторы Әділет Орынбасаров журналистерге назар аударып, әрдайым қолдап отыратын Әділ Тауфикұлына алғыс айтып, жоспарланған жобаларды жүзеге асыру үшін техникалық жағынан демеуін өтінді. Редакцияның әр мүшесі кәсіби мерекемен құттықтаған аудан әкімдігінің қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz