Бүгін Оралдағы Зашаған кентінде «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 180 пәтерлік екі тұрғын үй халық игілігіне берілді.
Аталған бағдарлама аясында тұрғын үй конкурстық негізде 50/50 қағидаты бойынша бөлінді. Яғни, пәтердің 50 пайызы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ың салымшылары мен пайызы (45 пәтер) жергілікті атқарушы органда тұрғын үйге мұқтаждар кезегіндегі азаматтарға бөлінді. Екі тұрғын үйді «Болашақ-Т» ЖШС салған. Қала әкімі Абат Шыныбековтың айтуынша, қазіргі күнде зәулім үйлердің есік алдын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аулаға балалар алаңқайлары жас ерекшелігін ескере отырып салынбақ. Мәселен, 1-3 жас аралығындағы балаларға бөлек, 3-6 жас аралығындағы ересек балаларға бөлек ойнайтын арнайы алаңқайлар, спорт алаңы салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ тұрғындарды қуанышқа бөлеген еңселі екі тұрғын үйдің сол қанатынан спорт мектебі, оң қанатынан гастроном бой көтермек. Жаңа үйдің ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі Ғали Есқалиев жаңа үйдің иесі атанған тұрғындарды баспаналы болу қуанышымен құттықтады.
– Бәріңізді баспаналы болуларыңызбен құттықтаймын. Салтанатты шараға карантинге байланысты аз адам жинадық. Дегенмен бұдан сіздердің қуаныштарыңыз азайып кетпейді. Қоныстарыңыз құтты болып, шаңырақтарыңыздан шаттық арылмасын!, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев. Бұдан соң облыс басшысы жаңа қоныс тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, қуаныш иесі Ұлмекен Хайруллинаның шаңырағына құтты болсын айтып, қуанышымен бөлісті. Екінші қабаттан екі бөлмелі үйге қол жеткізіп, қуанып жүрген Ұлмекен Хайруллина Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 5 жыл ақша жинапты. Өзі жаңақала ауданы, Қызылоба ауылында мұғалім болып еңбек етеді.
«Ай сайын жағдайыма қарай ақша салып тұрдым. Биыл екі бөлмелі үй алып қуанып жатырмыз. Анам 8 бала тәрбиелеп өсірген. Енді немере тәрбиелеп жүр. Әзірге студент болып қалған жиен-немерелерін оқытып, анам тұрады бұл үйде. Отбасымызбен қуанышытымыз,- дейді Ұлмекен Хайруллина.
Гүлжамал Жолдығали
zhaikpress.kz