30.06.2020, 17:18
Оқылды: 46

Тоқпайда тұрғын үйлер құрылысы басталды

Теректі ауданының Подстепный округіне қарасты Тоқпай ауылының шеті қазір үлкен құрылыс алаңына айналды.

9278FA16-3BC3-4F96-A0C7-F99EE1E24CF5

Осы ауылда 20 үй тұрғызуға жариялаған мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде анықталған мердігер «Қаз-Хол» ЖШС құрылысты жобада бекітілген мерзім – маусым айында бастап кетті.

Бір ай ішінде үш үйдің табанын төсеп, қабырғасын қалап тастаған құрылысшылардың жұмысы қарқынды.

- Келесі жылдың наурыз айына дейін 20 үйді толықтай салып, аяқтаймыз деп отырмыз. Қазір құрылыс алаңында жиырма шақты қажетті техниканы іске қостық. Тас қалайтын цементті қоспаны осы жерден дайындаймыз. Жүзден аса құрылысшы жұмыс жасайды, олардың жартысы – жергілікті азаматтар,- дейді ЖШС директорының орынбасары Аманғали Ғұмаров.

20 үйдің әрқайсысы 3 қабатты, 6 пәтерлі болады. Тапсырыс беруші мекеме – «Теректі ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ басшысы Ербол Исеевтің айтуынша, бұл үйлерді иесіне тапсырар кезде үй кезегінде тұрған, «Тұрғын үй жинақ қорында» қаржы жинақтаған теректілік азаматтарға басымдық беріледі.

Жалпы көлемі 3,5 гектар аумақта бірыңғай сәулеттегі үйлер салынатын бұл жерде болашақта  кешендік негізде балабақша, дүкен, дәріхана сияқты әлеуметтік нысандар да тұрғызылады.

Баспанаға мұқтаж санатында 900-ден астам адам кезекке қойылған Теректі ауданында осындай тұрғын үй кешенін салу қолға алынғаны қуантады.

Камелия Өтеу

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале