9.07.2020, 18:30
Оқылды: 55

Барбершопты меңгерген Әлиханның жұмысы көптің сұранысына ие

«Қашан да сұраныстан түспейтін қандай мамандықтарды айтар едіңіз?" деген сауалға жауап ретінде ойымызда бірден ұстаз бен дәрігер мамандығы қылаң ете қалатыны сөзсіз. Дегенмен бұлардың қатарына мамандық таңдарда көбіне еленбей қалатын: аспаз, сылақшы, шаштараз сынды күнделікті тұрмыста таптырмайтын мамандықтарды да қосуға болады. Мәселен, бүгінгі таңда барбершоптардың қызметіне жүгінетін ер-азаматтар көбірек кездесетін көрінеді. Құлаққа таңсық естілгенімен «барбер» дегеніміз кәдімгі шаштаразшы екенін бірі білсе, бірі білмес. Тек оның басқа шаштаразшылардан айырмашылығы, барбер тек ер адамдардың сақал-шашын қысқартып, күтіміне қызмет көрсететін маман. Бүгінгі біздің әңгімеміз шығу тарихы тереңде жатқан және осы кезге дейін өз қажеттілігін жоймаған ерекше мамандықтың иесі, бүгінгі тілмен айтқанда білікті барбер Әлихан Тұрсынғалиев жөнінде болмақ.

6EC7731B-A067-4FDA-B80B-9DCAB884A4F7

Әлихан Шыңғырлау ауданына қарасты Алмаз ауылдық округінің 1996 жылғы тумасы. Отбасының тұңғышы. Өздерінің қатарластары секілді 2013 жылы ауылдағы он бір жылдық мектепті бітіре сала жоғары оқу орнына түсер алдында болашақ мамандығын немен байланыстырарын білмей, алғашында расымен тосылып қалғандығын жасырмайды. Кейін мамандық таңдауда қателеспеу керек дегенді жақсы білетін Әлихан «кім болам?» деген сұрақтың жауабын мұғалімдіктен табады. «Мұғалім болсам далада қалмаспын» деген бозбала ойдың жетегіне еріп, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға қабылданады.

B2A701E1-4E30-4D80-8F12-E415573EEE30

«Оқуды бітіре сала 2017 жылдың күзінде әскери борышымды өтеуге Қарағанды қаласына аттандым. Бірде менімен қатар қабылданған сарбаздың шаш қиып жатқанын көріп қалдым. Әлгінің ептілігіне қызығып, шаш қиюды да меңгеріп алсам артық болмайды ғой, түбі бір кәдеге жарап қалар деген ой келді. Өзімнің шашым өте қатты, икемге келе бермейді. Шаштаразға барған сайын аса көңілім толмай, қалағанымды түсіндіре алмай қиналып қалатынмын. Тым болмаса өзімнің шашымды өзім қиярмын. Үйреніп алғаным артық болмас деп, бағанағы жігітке жармаса кеттім. Ол білгенін маған үйретуге қарсы болмады. Шаш қиятын машинканы ұстаудан бастап, шаш алу әдістеріне дейін көрсетіп, мені біраз дүниеге баулыды. Әскерилердің бәрі бірдей шаш үлгісінде жүреді ғой. Мен өзімізден кейін әскери бөлімге жаңадан қабылданған жас сарбаздардың шаштарын қиып, әбден машықтана бастадым. Сөйтіп әскер қатарынан тағы бір мамандықты меңгеріп, олжалы оралдым",- деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

7E7421D0-A62E-4A39-8BD3-1A99C82A6E91

Әскерден келе сала мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан Әлихан мұғалімдік жанына жақпайтынын түсініп, бір айдан соң жұмыстан өз еркімен шығып кетеді.

«Көп жастар оқуын бітіріп, дипломын алып келеді де, жұмысқа орналасады. Бірақ уақыт өте келе өзінің істеп жүрген қызметіне көңілі толмайтынын  сезсе де, «бітірген мамандығым ғой, жасай берейін», «өзге жұмыс табыла қояр дейсің бе» деген секілді тұманды да күмәнді ойларға шырмалып, тәуекелге барудан тартынып жатады. Менің ойымша, ол дұрыс емес. Біз «мамандық таңдауда қателік жібермеу керек» деген жаттанды сөздің байыбына бара бермейміз. Ол тек оқуға құжат тапсырарда ғана ойға оралатын сөз емес. Адам баласы болғаннан кейін жұмыс жасап жүріп те өзге мамандыққа ынтаң оянуы мүмкін ғой. Қоғамда әлі де өзін-өзі таппай, қызметі мен жан қалауы жараспай жүрген мамандар қаншама. Рас, аяқ астынан мамандыққа деген көзқарасым жүз сексен градуска өзгеріп, болашағымды шаштараздықпен байланыстырғым келетінін мен дер кезінде түсіндім. Сөйттім де, мұғалімдікті тастап, арманымды жүзеге асыруға кірістім. Бірақ мұғалімдікті меңгеруге кеткен уақытымды текке кетті деп айта алмаймын. Ол маған шымыр болуыма, денсаулығымды үнемі қалыпта ұстауыма септігін тигізді.

F512C26F-BDD0-4838-AB23-9A208AE6FC99

Жұмыссыз жүрген кезімде Орал қаласындағы республика көлемінде өте танымал «Жігіт сұлтаны» атты барбершоп орталығында шаштаразшыларға қысқа мерзімді курс өтетінін естідім. Бірақ ол үшін керекті құрал-жабдықтарың болуы керек, курска төлейтін қаражатың тағы бар. Жұмыссыз жүрген менде курстан өту үшін мүмкіндік аздау болатын. Бірақ үмітсіз шайтан, үміт үзбеу керек. Сөйтіп жүргенде Нұр-Сұлтанда жұмыста жүрген дос балам хабарласып, маған да құрылыстың айналасында қызмет бар екенін айтып қуантып қойды. Көп сөзбай үйдегілермен ақылдастым да, тәуекел деп астанаға тартып отырдым. Сондағы ойым әлгі курстан өту үшін қаражат жинап алу. Солай Нұр-Сұлтаннан бірақ шықтым ойда жоқта. Күндіз-түні құрылыстың айналасында қара жұмыстың қазанында қайнап, жұмыстан түнде шаршап қайтсам да көзім ұйқыға кеткенше желіден шаш қию бойынша бейнесабақтарды қарап бір-ақ ұйықтайтынмын. Сөйтіп, жүріп үш айлық жалақымды жинап, болашақ барберге қажет керек-жарағымды алып, Оралға сақадай-сай оралдым. Келе «Жігіт сұлтанына» жолығып, курсқа қабылдандым»,-дейді Әлихан арманға жету жолының құпиясымен бөлісіп.

Бүгінде ол арманына қолы жеткен, қалаған мамандығының иесі ғана емес, көптің алғысына бөленген өз ісінің шебері. Жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын жерлесіміз тәжірибелі әріптестерінің де оң бағасын алып үлгеріпті.

«Әлихан ойына алғанын орындамай тынбайтын өте еңбекқор маман. Оны біз шаштараз мамандығын меңгергісі келетін жандарға өткізген қысқа мерзімді курс барысында байқадық. Бас-аяғы жиырма күннің ішінде мамандардан алған тәжірибесін іс жүзінде пайдаланып, жақсы нәтиже көрсеткені үшін біз оны осында жұмысқа қабылдадық. Қазір ол өзімізден асып түспесе, кем түспейтін мықты барберлардың бірі»,- дейді «Жігіт сұлтаны» барбершоп орталығының директоры Салауат Жұмабаев.

Қашан да ізденісте жүретін кейіпкеріміз 2019 жылдың күзінде Ақтөбе қаласына барып, қабілетін шыңдау мақсатында республика бойынша отызға жуық барбер қатысқан халықаралық дәрежеде танымал Ориф Байнуров есімді мықты барбердің мастер-класына қатысып, үлкен кәсіби тәжірибе жинақтап келгендігін де тілге тиек етіп өтті.

Қалаған мамандығына қол жеткізу үшін өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарынан сүрінбей өтіп, жетістікке қол жеткізіп жүрген Әлиханның әлі де биік белестерді бағындыра алатынына бек сенімдіміз!

Самат Байболат

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале