Осыған дейін сәуір айында жерлестеріне жәрдемге асығып, жанындағы жолдастарымен Жымпитыдағы 20 отбасына азық-түлікпен көмектескен «Muharib Top Team» клубының мүшесі, грэплингтен Әлем чемпионы Марат Шерғалиев жайында айтқан едік.
Чемпион «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің әлеуметтік парақшасындағы «Сырым ауданы дәрі-дәрмек пен оттегі аппаратына зәру!» - деген үндеуіне де дереу жауап берді. Аудандағы ахуал күрделенген сәтте редакция журналистеріне, олар арқылы аудандық ауруханаға хабарласып, қандай дәрі-дәрмек керектігін сұрап, жоғын іздеуге бірден кірісіп кетті.
Марат бауырымыз көмегін көп кешіктірген жоқ. Кешегі аптаның аяғында, аудандық ауруханаға 5 литрлік антисептиктің 20 құтысын, 40-50 шақты цефтриаксон, парацетамол, лидокаин, новокаин секілді бірінші қажеттіліктегі дәрілерді жеткізіп берді.
Чемпиондардың арасындағы волонтер, волонтерлардың арасындағы чемпион болып жүрген Марат Шерғалиев туған жеріме жасайтын жәрдемімнің бас-аяғы осы емес деп отыр.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz