Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәріханаларда өмірлік маңызға ие дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесін шешу, оны негізсіз қымбаттатуға жол бермеу керектігін, індетпен күресте алыпсатарлыққа заң жүзінде тосқауыл қою керектігін баса айтты. Осыған орай өңірлерде құрылған мониторинг топтары дәріханалардағы ахуалды бақылауда ұстауда.
Айталық, Ақжайық ауданы бойынша 5 адамнан құралған топ өткен аптада Чапаевтағы дәріханаларға 2 рет мониторинг жүргізді. Аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Бауыржан Майданов, әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы Аман Әлмұханов, құқық қорғау органдарымен жұмыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Абзал Мутигуллинов, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың кеңесші маманы Айдар Елдесовпен бірге біз де аудан орталығы басындағы 3 дәріханаға бас сұқтық.
Атап айтсақ, Чапаевта облыстағы ірі желілер «Талап», «Биосфера» және «Плотников» ЖК дәріханалары халыққа өз қызметтерін ұсынуда. Рейд барысында анықталғаны – «Талап» дәріханасында парацетомол, ЦЕФ 3 препараттары жоқ. «Биосферада» ыстықты түсіретін дәрі, қызу өлшейтін құрылғылар таусылып қалған, ал вирусқа қарсы антибиотиктер жеткілікті. Ал «Плотников» ЖШ дәріханасында парацетомол кісі басына 2 данадан лезде сатылып кетіпті. Сатушылардың айтуынша, келген дәрі-дәрмекті аудан тұрғындары түскен бойда талап әкетіп жатыр. Сонымен қатар бұл дәріханада медициналық маска бағасының жоғары екені анықталды. Рұқсат етілген баға 118 болғанымен, мұнда 150 теңгеден сатылымға шығарылыпты. Дәріхана иесіне ескерту берілді.
Дәріханалар толық күн жұмыс істесе де, «Талап» және «Биосфера» дәріханаларының алдында ұзын-сонар кезек жиналып қалыпты. Кезегі жеткен тұрғындардың арасында қажет дәрілері болмай, ұнжырғасы түсіп, реніштерін білдіріп жатқандары да бар. Сондықтан дәріхананың алдына бүгінге бар дәрінің тізімін жазып қойса, артық болмайтыны анық.
Әсет Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz