Әлемді дүрліктірген пандемия басталғалы Жаңақала ауданының атпал азаматтары жомарттықтың үлгісін көрсетіп, ел үшін жанашырлық танытуда. Бүгін тағы бір игі істің куәсі болдық. Жанашыр жігіттер аудандық ауруханаға ауадай қажет 5 жасанды тыныс алу құрылғысы мен таптырмайтын дәрілерді табыс етті.
Жасанды тыныс алу аппаратының 2 данасын жеке кәсіпкер Саламат Сертеков алып берсе, 2 данасын шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер бірігіп алып берді. Бір құрылғыны ауданымыздан шыққан кәсіпкер азамат (атын атамауды өтінді) тарту етті. «Жаңақала-Несие» кредиттік серіктестігі» ЖШС-нің басшысы Тимур Қуанұлының ұйымдастыруымен шаруа қожалықтарының иелері және жеке кәсіпкерлер бірігіп, 850 мыңға дәл қазіргі жағдайда өте қажетті дәрілерді табыс етіп, жомарттықтарын дәлелдеді.
Аудандық аурухананың басшысы Сержан Серікұлы көмек қолын созған барлық жігіттерге шынайы алғысын жеткізді.
Жанайдар Жұмағұлов,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz