17.07.2020, 10:26
Оқылды: 401

Жаңақалада шөп бағасы неліктен шарықтап тұр?

Мал шаруашылығы – агросектордың өте маңызды салаларының бірі. Соңғы кездері Жаңақала ауданында мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Оған мемлекетіміз де қарайласып, аналық мал басына субсидия беріп келеді. Дегенмен мал өсірудің машақаты да аз емес. Таңертең өріске айдап, кешке қайтып қораға қамай салатын жұмыс емес. Қиындық жақтары жетерлік. Сол көп қиындықтардың  бірі – мал азығын дайындау, қысқы жем-шөп қорын мезгілінде қамтамасыз ету.

F7BB62E6-1C42-49FB-BDBD-BBB98792BF71

«Қылышын сүйреп қыс келеді» дейді дана халқымыз. Бұл атам қазақтың қай кезде де сақтанып, қамданып отыратындығын көрсетсе керек. Тіршілігі малмен тікелей байланысты болған қазақтың өмір дағдысы десек те жаңылыспаймыз. Қарашаның қара суығы, қаһарлы қыстың боранды күндері қамсыздықты әсте көтермейді. Жайылымның жұтаңдығы, шабындықтың нашарлығы, қуаңшылықтың қыспаққа алуы шаруаларға, қарапайым халыққа үлкен мәселе тудыруы бек мүмкін. Биылғы шөптің бағасы қандай болмақ? Тұрғындар қыста мал азығынан қиналмас үшін қандай шаралар жүргізіліп жатыр? МІне, осы сұрақтарға жауап іздеп, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Бекқалиеваның есігін қақтық.  

- Биылғы жағдай нашар, қардың түсімі, жауын көлемі өте аз болды. Сол себепті шабындықтардағы шөптің мөлшері тым мардымсыз. 2-3 жылдан бері шөп мәселесі қинап тұр. Дәл қазіргі жағдайда мал басына шағып есептедік. Аудан бойынша 151 мың тонна мал азығын дайындауымыз қажет. Былтыр қыс қатты болмағандықтан 46 мың тонна шөп қалды. Бірақ бұл жағдайды толық шешпейді. Жасыратыны жоқ, биылғы жағдай жанға да, малға да қиын болып тұр. Қазір қожалықтар құмның төрінен шөп шауып жатыр. Жаңақазан, Жаңажол, Мәстексай, Бірлік ауылдық округтерінің шаруа қожалықтары құмның төрінен шөп шабуда. Әзірше тасымал жасап жатқан жоқ. Себебі күн қатты ыстық. Шығару қиын, күзге таман тасиды. Он шақты күн болды, солтүстік аудандардан шөп тасу ұйымдастырып жатырмыз. Шыңғырлау, Қаратөбе, Бәйтерек сынды аудандардан мал азығын таситын боламыз. Келісіп отырмыз. Бағаны 8 мың теңгеден асырмауға күш саламыз. Қожалықтармен, басшыларымен сөйлесіп, бағаны қадағалап, жол шығынын есептеп, қатты көтермеуге жұмыстанып жатырмыз. 11 "КамАз" көлігімен тасу жоспарда тұр. Шөп тасумен айналысатын жігіттер: «Егер ақшаларын алдынала берсе, рулонын 7 мың теңгеден алып келеміз» деп отыр. Елді мекендерді шөппен қамтамасыз ету проблема болып тұр. Жағдай өте қиын.

8961D482-28D2-418A-BD8B-D4DA2137080F

Күзге таман жәрмеңке ұйымдастырамыз. Қазір шөп тасуға қауіпті әрі қолайсыз болып тұр. Сол себепті тұрғындар күзде жәрмеңкеден де шөп ала алады. Тағы бір айта кететін нәрсе шөп тасымалымен айналысатын "КамАздар" борттарын жаймаса, оларға тек 30 рулон ғана кетеді. Ал, борттарын жайып әкелетін болса, жол бойындағы қозғалысқа кедергі келтіреді. Жолда жүру үшін колонна ұйымдастыратын болар деп отырмыз. Оны бақылайтын органдар қажет. Арнайы мекемелерге кедергілер туындамауы үшін шөп таситын техникалардың тізімін беріп отырмыз. Қауіпсіздік ережелері толықтай сақталуы керек. Өрт қауіпсіздігін де қадағалау қажет. Бұл сұрақтар облыс әкімінің бақылауында тұр. Шешімін табады деген ойдамыз. Бағаны қымбаттатпауға байланысты көп нәрсе істей алмаймыз. Себебі кәсіпкерлік мониторингке орай ешкімді тексере алмаймыз. Тек қана түсінік жұмыстарын жүргізіп, бағаны шарықтатпауларын сұраймыз, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Светлана Сәрсенбайқызы.

«Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға қандай көмек болады?» деген сауалымызға С.Сәрсенбайқызы былайша жауап берді: «Жергілікті әкімшілік тізім жасап, жағдайы төмен отбасыларды сол тізімге жазып жатыр. Алдағы уақытта сол тізімдегі жандарға нарықтағы бағадан арзандау етіп алып беруге тырысамыз».

- Бағаның көтерілуі тек қана жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты емес. Әртүрлі факторлардың әсері бар. 1 гектардан 4-5 центнер шөп алса, қазір 1 ғана центнер ғана алады. Шығыны көп, пайдасы аз. Буатын жіптің бағасы да қымбаттады. Трактордың жанар-жағармайы да қалтаға тиеді. Осының бәрі бірігіп, шөптің қымбаттауына әкеліп соғады, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Беккалиева шөп бағасының шарықтауы жөнінде.

Шөп мәселесі аудан тұрғындарын да соңғы кезде қатты толғандырып келеді. Жандыққа асырап отырған малдарының өзін сойып я сатып жіберген талай отбасыны көзіміз көрді. Қыстан алып шыққан күннің өзінде де қыруар шығын. Бұл туралы зейнеткер, ауыл тұрғыны Айтуған Ғайнеденұлы:

- Бағаны жергілікті әкімдік қолға алу керек деп ойлаймын. Егер баға бетімен кетсе оны салық арқылы реттеу керек. Шөпті қымбатқа сатқандарға салық салынса баға жоғарыламас еді. Шөпті 4 мыңның есебінен шауып, оны не себепті 10 мыңға сатады? Осы жердегі бағаның айырмашылығын салықпен реттеу керек секілді. Қазір қуаңшылық, бірақ оны пайдаланып шөптің бағасын аспандату дұрыс емес. Халықтың артық ақшасын алған адамдар алысқа бармайды. Шөпті мал ұстап отырған жандар амал жоқтықтан алады. Тұрғындарды амалсыздыққа итермелемеу керек. Әкімдіктегілер не үшін отыр? Соны бір қадағалап, шарасын алу керек қой. Былтыр шөптің бағасын 7 мыңнан басталды. Көршілес жатқан Искраның Науша деген жерінде жиенім бар еді. Соған қолқа салып, жағдайды түсіндірдім. Ол маған төмен бағамен берді. 15 қой, 10 ешкіге 30 рулон сатып алдым. Төмен бағамен алғанның өзінде 105 мың теңгеге шықты. Ал 7-8 мыңнан алғандар 200 мыңның үстінде шығынданды ғой. Мал саны көптердің шығыны тіптен шамадан тыс болды. 8-10 мың теңгеден шөп алатын жағдайым жоқ. 4 қойымды сойып саттым, 5-6 қойымды сойып алдым. Қарашаға дейін арзан бағада шөп таппасам, шөп мәселесі шешілмейтін болса, қалған малымды да сатып немесе сойып аламын. Әйтпесе, оларды қыста шөппен қамтамасыз ететін мүмкіндігім жоқ, - дейді шөптің мәселесін қозғап.

Иә, Айтуған ағамыздың айтуы орынды. Көп әріге бармай өзімізден мысал келтірер болсам, былтыр мал азығына 200 мыңның үстінде шығындандық. Сондағы ұстағанымыз 3 бас ірі қара мал. Бұл тек шөпке кеткен шығын. Жеміне кеткен ақшаны есептейтін болсақ бір сиырдың құнынан көп шығып кететіні айдан анық нәрсе.Екі жақтың да пікірін білейік деп, шөп тасымалымен айналысатын адамдарға да телефон шалып хабарласып, халықтың көкейіндегі сұрақтарды қойдық. Естіген жауабымыз мынадай болды.

- Бірен-саран адамға жеңілдік жасап, 7 мыңнан тасып бере аламын.  Ал науқан бойы ол бағамен таси алмайтыным рас. Себебі жолға кететін шығын өзін ақтамайды. Биылғы шөптің бағасы 8 мыңнан басталады. Техникамды бұзып, жөндеуге қойғалы жатырмын. 4-5 күннен соң тасымалдауға шығамын. Ол жақтан 3500-4000 теңгеден аламыз. Бұл баға әлі де өсуі мүмкін, - дейді  Қуат Хасанов есімді шөп тасымалымен айналысатын аудан тұрғыны.

- Шөпті Жымпитының арғы жағынан 50-60 шақырым болатын жерден тасып жатырмын. Бір бару 400 шақырым болады. Барып келетін жол 800 км-ге дейін созылады. Таңғы 5:30-да шықсам, ол жаққа 15:00-де жетемін. Шөп тиеп, кейін шығамын. Жолда қонамыз. Паромнан өтеміз, оған ақша төлейміз. Бос болса 4 мың, жүкпен 10 мың теңге төлеп өтеміз. Светлана Сәрсенбайқызы рұқсатнама береміз деген еді. Соның жайын білейік деп едік. Жол бойына МАИ қызметкерлері тоқтатады, - дейді Н.Зұлқашев есімді азамат шөп тасудың қиындығын айтып.

P.S: Мал азығының айналасындағы түйткілдер, шешімін таппаған нәрселер әлі де болса жетерлік. Алдағы күннен үміт етіп, шөп бағасының бір ретке келетініне сенгіміз келеді. Ол үшін құзіретті органдағы қызметкерлер дұрыс әрекеттер жасап, халықтың алғысын алса, қанеки?

Жанайдар Болатбекұлы

Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

         

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале