Республикалық «Жасыл ел» жастар еңбек және құрылыс жасақтарының облыстық штабы екінші дүниежүзілік соғысы және еңбек ардагерлеріне ауыз су таратуды ұйымдастыру ісін қолға алды.
Сондай-ақ, ауыз су қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасы мен Сырым ауданының орталық ауруханасына жеткізілді.
«Жасылелдіктердің» көмегімен үш күннің ішінде 3 тонна су жеткізілді. Бұл жұмыстар әсіресе қалада су беру қалпына келгенге дейін жалғаса береді.
- Су жеткізілген бөтелкелерде «Жасыл ел» штабының байланыс мәліметтері бар ақпараттық жапсырмалар орнатылған. Жапсырмада телефон нөмірі, QR коды және Instagram аккаунтына дейін бар.
Көрсетілген нөмір бойынша ардагерлер немесе олардың отбасы мүшелері бізбен байланыс орната алады. Қандай көмекке мұқтаж және оларға не қажет екендігі туралы хабарлай алады, - дейді «жасылелдіктер».
Бүгінгі таңда «Жасыл ел» жастар еңбек және құрылыс жасақтарының облыстық штабына күнделікті өтінімдер келіп түсуде. Еріктілер шұғыл түрде ардагерлер, олардың отбасы мүшелері тарапынан туындаған қажеттіліктерге орай мекенжайға шығып, су жеткізіп, олардың үй шаруасына да көмектеседі. Сондай-ақ, еріктілер мұқтаж отбасыларға бетперде жеткізуді де қолға алып отыр.
zhaikpress.kz