22.07.2020, 23:39
Оқылды: 501

Дәрі тапшылығы – басты назарда тұр

Өңірлік жедел штаб отырысына қатысқан БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Шәрбану Искакова облыстағы дәрі қоймаларына парацетамол, құрамында парацетамолы бар дәрілер, азитромицин, цефтриаксон жеткізіліп жатқанын айтты.

Соңғы екі аптада левофлоксацин, ксарелто, клексан, антибиотик, антикангулянт дәрілеріне сұраныс жоғарылаған. Осы мәселені шешу үшін көтерме сауда фирмалары – «Талап» АҚ, «Аяз би» ЖШС, «Медсервис плюс» ЖШС, «Грейн Лайн Петропавлск» ЖШС, «Стофрам» ЖШС-мен келіссөз жүргізілуде. «Талап» пен «Аяз би» тамыз айы басында ресейлік зауыттан парацетамол мен аспирин алдыртпақ. Шәрбану Искакова дәрілік заттар қоймаларға аса көлемді болмаса да, апта сайын жеткілікті түрде жеткізіліп жатқанына сендірді. Әлі де 57 044 қаптама парацетамол, 16 266 қаптама парацетамол құрамдас дәрі, 22 мың қаптама аспирин қорда бар екен.

7b612a0e6192af77cadb7f5823ed0e87

Дәріханалар stopcovid.kz сайтын онлайн режимде қолда бар дәрі-дәрмек тізімін жұмыс уақытынан соң толтырып отырады.

– Осы stopcovid.kz сайтында дәрілердің қалдық мөлшері көрсетілмейді. Сайт туралы көпшілік бейхабар. Барлық дәріхананың ішіне stopcovid.kz cайты арқылы дәрі табуға болатыны туралы хабарлама жазып қойыңыздар. Сайттағы мәлімет уақтылы толтырылсын. Халық парацетамол мен аспирин іздеп жүр. Неге жұрт сұраған дәрілерді жеткізу тамызға дейін кешігуде? – деді Ғали Есқалиев.

Бұл сұраққа облыстық департамент басшысының орынбасары Шәрбану Искакова: «Аталған дәрілер қоймаларға түсуде. Бір қолға бес қаптамадан беріліп жатыр. Дәрілерді үлестіргенде, кейбір кішкентай дәріханаларға жетпеуі мүмкін», – деген уәж айтты. Облыс әкімі Ғали Есқалиев медқызметкерлер кейбір қат дәрі-дәрмек орнын алмастыра алатын дәрілік заттарды ұсынуы керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар басқа елдерден келіп жатқан гуманитарлық көмектің таратылуын қатаң бақылауға алуды, ашықтық қағидатын берік ұстануды тапсырды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев сырттан келген дәрі-дәрмек, қорғаныс заттары Достық үйінде қабылданып, мөрленіп жатқанын, оған кез келген азаматтық белсендінің куә болуына кедергі жоқ екенін айтты.
«СК Фармация» ЖШС облыстық филиалының басшысы Талғат Абдығалиев облыстағы 25 медицина мекемені дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп жатқандарын баяндады. Олардың ішіндегі 20 мекеме аудандарда орналасқан. Оның сөзінше, қазіргі уақытта «СК Фармация» жаңа препараттар – ремседивир мен фавипавирді жеткізуге келіссөз жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қосымша тапсырыстар негізінде коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмекті жинауға арналған екі айлық қор жасақталуда.
– Жақында Бөкей ордасы ауданына дәрі-дәрмекті уақтылы жеткізуге қатысты мәселе туындағаны мәлім. Бұл бағытта қиындық туса, «СК Фармация» жедел шешімін таба білуі тиіс. Аудандарға күн сайын жеке көліктер жүріп жатыр. Соларға жолығуға болады. Дәрі-дәрмек тасымалына аудан әкімдері де көмектеседі. Облыс әкімдігіне де хабарласып, көмек сұраңыздар. Адамдар қажет дәріні күтіп отырмауы тиіс, – деді Ғали Нәжимеденұлы.
«Ауруханада ем алып жатқандардың туысқандары дәрілік заттарды жеке дәріханалардан сатып алып жатқанын айтады екен. Ал сіз медицина мекемелері толық қамтылды деп қалай айтып отырсыз?», – деген облыс әкімінің сұрағына «СК Фармация» өкілі жартымды жауап бере алмады, бұл мәселеден бейхабар екенін айтты. «Компанияға уақтылы тапсырыс берілуін қадағалаймыз. Қажет дәрі-дәрмекпен жедел қамтамасыз етіп отырыңыздар. Өңірдегі дәрі тапшылығы басты назар тұрғанын ескеріңіздер!», – деді Ғали Есқалиев.

Нұртай ТЕКЕБАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале