30.04.2024, 15:06
Оқылды: 45

БҚО-да қазына қаржысы 13,5 миллиард теңгеге артты

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІ сессиясының күн тәртібіне негізінен үш мәселе шығарылды. Мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаевтың төрағалығымен өткен сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, қалалық һәм аудандық мәслихат төрағалары, депутаттар, шақырулы басқарма басшылары, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

7b2e8d95-e4e9-4c2d-9184-13d1ff456791

Иә, Бюджет кодексінің 108-бабына сәйкес жергілікті бюджеттің нақтылануы атқарушы құрылымның ұсыныстары негізінде жүзеге асырылады. Бұл жолы алдымен өңірдегі төтенше жағдайға байланысты биылға арналған облыстық бюджетке енгізілетін өзгерістер жобасы талқыланды. Өңірдің бас қаржыгері Нұрлан Есенғалиевтың баяндамасын депутаттар алдын ала тұрақты комиссия отырысында талқылаған соң, сессияда артық-ауыс әңгіме болмады. Енді өзіндік кірістерді ұлғайту және мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару есебінен түсетін қосымша 13,5 млрд теңге келесі шығыстарға жұмсалмақ. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік салаға 616,5 млн теңге (4,6%), оның ішінде, денсаулық сақтауға – 494,4 млн, білім беруге – 122,1 млн теңге.

Нұрлан Мұхитұлының мәлімдеуінше, шығындардың негізгі бөлігі біржолғы төлем мөлшерінің ұлғаюына байланысты медицина мен фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға (222,0 млн теңге), «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы шеңберінде Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Сырым және Шыңғырлау аудандарындағы нысандар мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарына (251,7 млн теңге), Ащысайдағы (Шыңғырлау) фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын қаржыландыруға (20,7 млн теңге) және Орал қаласындағы 400 орындық №31 мектеп аумағын абаттандыру жұмысын бастауға (122,1 млн теңге) бағытталған. Бұдан бөлек қоршаған ортаны қорғауға 744,7 млн теңге (5,5%) бөлінсе, осы қатарда Орал қаласы іргесіндегі Круглоозерный ауылынан жоғары Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне су алу үшін Жайық өзені тұсы құрылысын нығайту ісіне бағытталған 7,4 млрд теңге бар. Әрі әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы жандарға коммуналдық тұрғын үй сатып алуға 9,4 млрд теңге (соның ішінде несие беру есебінен – 8,2 млрд теңге) қарастырылуда.

- Сондай-ақ облыс резервін толықтыруға – 2,0 млрд теңге (14,8%), кәсіпкерлік субъектілердің несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға – 646,0 млн теңге (4,8%), төрт жұмыс жобасы негізінде кешенді ведомстводан тыс сараптама өткізуге – 9,0 млн теңге бөлінсе, Казталов пен Бөрлі аудандарындағы денсаулық сақтау нысандары құрылысын қайта жобалау қызметіне – 37,9 млн теңге жұмсау көзделуде. Яғни аталған өзгерістерге сай енді облыстық бюджет көлемі 485,9 млрд теңгені құрап отыр, – деді сөз түйінінде Нұрлан Есенғалиев.

Күн тәртібіндегі қалған екі мәселе – облыстық мәслихаттың «Батыс Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар аутомобиль қатынастар тізбелерін айқындау туралы» 2022 жылғы 8 шілдедегі №12-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» және облыстық білім беру жүйесі қаржы қызметкерлерінің лауазымдық айлық ақыларына отыз пайыз мөлшерінде ынталандыру үстемеақыларын қосу туралы аталған қос сала басшысы Бауыржан Айтмағамбетов пен Айгүл Мыңбаева хабарлама жасап, ұсынбалар бірауыздан мақұлданды.

Айта кетелік, биылғы тасқынға тосқын жұмыстарында халық қалаулылары іс басынан табылып, өз белсенділіктерімен көрінді. Олардың бастамашы болуымен жерлестерімізге қаржылай да қыруар қолдау көрсетілді. Бұл іс әлі жалғасып жатыр. Облысымызда құрылған «Ақжайық» қорынан бөлек арда азамат һәм депутат Тұрарбек Тілемісовтің «Ыстық жүрек» атты жеке қайырымдылық қорына әріптестерінен 72 миллион теңге түсіпті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, сессия мінбесінен олардың бірқатарының аты-жөндері де аталды. Сауапты істен сырт қалмаған жандардың осынау ізгі бастамасы өзгелерге жұғысты болсын дейік. Қазақы қалыпқа салсақ, теңге тиыннан құралады, қайырымдылық қайтып оралады.

 Өз кезегінде Тілепберген Ерсайұлы өңірдегі қазіргі хал-ахуалға тоқталып, қауіп бұлты сейілгенімен, төтенше жағдай сақталып отырғандығын жеткізді. Әрі Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде үлкен форумдар мен түрлі мәдени көпшілік шаралар саны биыл қысқартылып, негізгі күш пен қаржы әлеуметтік-тұрмыстық салаға бағытталатыны айтылды. Жалпы қызыл судан зардап шеккен тұрғындарды, яғни баспанасыз қалғандарды мүмкіндігінше қыркүйек айына дейін тұрғынжаймен қамту талабы қойылған. Ал енді саяжай аумағындағы үйлерге қатысты түйткілдер таяу күндері толық шешімін таппақшы екен.

Солай бюджет бүйірі толықты. Ендігі міндет – қолға тиер теңге тиімді пайдаланылып, алдағы ауқымды жұмыстар тезірек қарқын алса игі.

Бауыржан Бисенов,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале