30.04.2024, 16:44
Оқылды: 136

«Қоғамдық бақылау қызмет сапасын арттырады»

Жалпы қоғамдық кеңестер қандай өкілеттілікке ие? Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері өңірдегі қандай мәселелерді шешуге үлес қосты? Кеңес мүшелеріне қандай талаптар қойылады? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықовпен аз-кем тілдескен едік.

ербол салыков

Ербол Салықов

облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы

– Ербол Ғұмарұлы, алдымен, қоғамдық кеңестің мақсат-міндеттеріне тоқталсаңыз. Кеңес қандай өкілеттілікке ие?

– Елімізде ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» заңы 2015 жылғы 2 қарашада қабылданып, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Сол кезден бастап облыс, қала, аудандарда қоғамдық кеңестер құрылып, жұмыстарын бастады.

Жалпы кез келген мемлекет азаматтардың пікірін ескеру арқылы дамиды. Мемлекеттік билік тарапынан қабылданатын шешімдерге тұрғындардың талап-тілегін жеткізіп, халықты толғандыратын өзекті мәселелерді шешу бойынша тиісті құрылымдарға ұсыныс айту – қоғамдық кеңестің басты міндеттерінің бірі. Яғни қоғамдық кеңестер – мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші, байқаушы құрылым. Өңір үшін өзекті, қоғамдық бақылауды қажет ететін салаларды комиссиядағы өз саласын жетік меңгерген білікті де кәсіби сарапшылар тексеріп, бақылайды. Қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама жүргізіп, мемлекеттік құрылым, квазимемлекеттік сектор субъектілері жұмысының нәтижелері туралы есептерді тыңдайды. Қоғамдық кеңестің негізгі миссиясы – азаматтардың жайлы, қауіпсіз өмір сүруіне ықпал ету, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекеттік қызметтің сапасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске оң ықпалын тигізу.

Облыстық қоғамдық кеңестің 31 мүшесі бар. Оның екеуі – мемлекеттік құрылымдардың, ал қалған 29-ы – коммерциялық емес ұйымдардың атынан немесе өзін-өзі ұсынған қоғам белсенділері. Шақырылым сайын мемлекеттік қызметкерлердің азайғанын және бұл оң үрдіс екенін баса айтқым келеді. Әсіресе азаматтық қоғамның үні жарқын шықсын деген ниетпен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ел өміріне бей-жай қарай алмайтын белсенді азаматтар жұмыс істеуде. Бұл мысал облыс аумағындағы барлық азаматқа заң талаптарына сай тең мүмкіндік берілгенін көрсетеді.

Қоғамдық кеңестің өкілеттілігіне тоқталсақ, жоғарыда айтып кеткендей, мәртебесі бойынша консультативтік-кеңесші құрылым болғандықтан, олардың шешімдері ұсынымдық сипатқа ие. Қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша мемлекеттік құрылымдарға, жергілікті мемлекеттік басқару құрылымдарына ұсыныс айтуға құқылы. Заң бойынша облыстық бюджетке, өңірдің дамуына қатысты, нормативтік-құқықтық актілер, жос­парлар, олардың орындалуына қатысты 13 құзыреттілігі бар. «Қоғамдық кеңестер туралы» заңда халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, қоғамдық институттар мен азаматтардың барлық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдардың шешім қабылдауына кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған кеңестердің құқықтық мәртебесі жазылған.

– Қоғамдық кеңес отырыстарында былтыр, биыл қандай өзекті мәселелер қаралды?

– Заңда көзделген өкілеттіктерге сәйкес отырыстар, қоғамдық бақылау шаралары жоспарлы түрде өтеді. Былтыр облыстық қоғамдық кеңестің 10 отырысы және 12 рет төралқа отырысы өтіп, онда 82 мәселе қаралды. Жергілікті атқарушы құрылымдарға, өзге де мекеме-ұйымдарға 88 ұсыным жолданды. Осы қаралған 82 мәселе өңірдің дамуына, халықтың денсаулығына, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына байланысты және мемлекеттік құрылымдардың есеп беруде кемшіліктерді түзеуге бағытталғандықтан, басым бөлігі өзекті.

Айталық, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті есептік кезеңде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау мақсатында 20 тексеру іс-шарасын ұйымдастырып, нәтижесінде 15 мыңнан астам құқықбұзушылық (заңнамамен көзделмеген құжаттарды талап ету – 13025 және мерзімдерді сақтамау – 2630 т. б.) анықталды. Мемлекеттік қызмет сапасын бақылау аясында бірінші басшылардың электронды-цифрлық қолтаңбаны пайдалануда кемшіліктер жіберетіні анықталды. Сонымен бірге облыстық және аудандық қоғамдық кеңес өкілдері, облыстық және қалалық депутаттардың қатысуымен 27 қоғамдық бақылау іс-шарасы өткізілді, нәтижесінде 33 заң­бұзушылық анықталып, ұсыныстар берілді. Мемлекеттік мекемелер жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау да қоғамдық бақылауға жатады. Былтыр жергілікті атқарушы құрылым басшыларының есептері тыңдалды.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен кездескенде көптен ойда жүрген мәселелерді айтты. Кеңес мүшелері соңғы уақытта кейбір жастардың білім, ғылымнан гөрі дінге, әсіредіншілдікке бағыт ұстанғанын, микроқаржы ұйымдардың жастарға пайызы жоғары несие беріп, олардың бережақ, қарыз болуы, нәтижесінде күйзеліске түсуі, құмарлыққа душар болуы секілді келеңсіз жағдайларға тап болатынына алаңдайтындарын жеткізді.

Сонымен қатар қаланы дамыту, көшелердің тазалығы, аялдамалар салу ұсынылды. Қоғамдық кеңес жұмысының сапасын жақсарту, қаралған істі зерттеу үшін кеңес мүшелерінің заңнамалық, құқықтық сауатын арттыру мақсатында семинар-тренингтер, оқыту курстарын ұйымдастыру жөнінде де ұсыныстар айтылды.

Кеңестің күн тәртібінде Ауған соғысы мен Қарабах қақтығысына қатысқан азаматтарға, Семей, Чернобыль, Азғыр, Капустин-Яр ядролық полигондарынан зардап шеккен тұрғындарға емдеу орындарына бару үшін квотаны көбейту және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесу туралы БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеумет-тік бағдарламалар басқармасына ұсыным жолданды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Б. Айтмағамбетовтің қала, ауданаралық маршруттарды әлеуметтік маңызы бар деп тану жөнінде тізім жасалғанын жеткізген жиналыста қоғамдық кеңес мүшелері қалалық және қала маңындағы маршруттарда жаңа қатынастарды көбірек ашу, әсіресе Новенький ауылынан Орал қаласына келу үшін автобус қатынасы жоқ екені, сондықтан автобус маршруттарын көбейту және қатынасты тиімді ұйымдастырып, шағын елді мекендерді ескерусіз қалдырмауын жеткізді.

– Ербол Ғұмарұлы, қоғамдық пікір туғызған мәселелер болды ма?

– Жалпы қоғамдық пікір туғызған мәселелер баршылық. БАҚ-та жарияланған немесе халықтың, қоғамдық кеңес мүшелерінің жекелей немесе отырыста қаралған мәселеге байланысты да ұсыныстар түсіп, қаралып отырады.

Айталық, өткен жылы қоғамдық пікір негізінде ұсынылған Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарының автожолдары, бірнеше құрылыстың күрделі жөндеуі, жаңадан салынған мектептің бітпей қалуы, яғни 2022 жы­лы атқарылуға тиіс жұмыстардың орындалмағаны жөнінде облыстық қоғамдық кеңес мүшелері мәселе көтеріп, нәтижесінде біркелкі жұмыс атқарылды, бітпеген жолдар осы жылы аяқталады.

Кезекті кеңесте қаралған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары М. Нұрғазиевтің «БҚО жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары туралы» баяндамасы бойынша қоғамдық кеңес мүшелері жылу мерзіміне әзірлікті тамыз, қыркүйек айларында емес, мамыр айынан бастауды, жылу науқанына әзірлікті және тыңғылықты өткізуде барлық деңгейдегі басшылардың жауапкершілігін арттыруды ұсынды. Қоғамдық кеңес мүшесі Данильбек Саратов «Жылу беру кезінде қалада ыссы судың болмайтыны, бірақ ыссы судың орнына салқын судың келіп тұратыны, тұтынушылар төлеген кезде ыссы су құнымен төлеген жағдайда қалай болатыны?» туралы сұрақ қойды. Басқарма орынбасары ондай артық төлем төленсе, тұтынушы өтініш жазып, артық төлемін қайтарып алуына болатынын жеткізді. Сондай-ақ Орал қаласының тұрғындары тарапынан «Зенит» зауыты сатылатыны рас па? Неге?» деген бағытта қоғамдық пікірлер айтылды. Осы сауалдар төңірегінде облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің бастамасымен «Орал «Зенит» зауыты» АҚ мәселесі туралы» талқылау өтті. Бұл отырысқа Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков онлайн қатысты. Вицеминистр А. Бейісбеков «Қазіргі уақытта зауытты жаңғыртуда және оны жаңа технологияға көшіруде, өндірістік мүмкіндікті одан әрі дамытуда мәселе бар. Зауытты модернизациялауға қосымша инвестиция тарту, қазір жұмыста бар азаматтардың жұмыс орнын сақтап қалу, одан әрі оларды оқыту, Каспий теңізі жағасынан кеме жасау зауытын салатын инвесторды «Зенит» зауытына тапсырыс беру үшін кооперация құрамына қосу – біздің түпкі ойымыз. Ал оны іске асыру ҚР Үкіметі жанындағы мемлекеттік комиссияның қабылдаған шешіміне байланысты», – деп толық түсіндірді.

«Орал «Зенит» зауыты» АҚның бас директоры Қ. Мұқа­нов ұжымда 800 адам тұрақты жұмыс істейтінін, өткен 30 жылда зауыт Каспий теңізінде қолданыста жүрген 34 әскери кеме және катерлер жасап шығарғанын жеткізді. Бірақ күштік құрылымдардың қазіргі сұранысына сай 1000, 1500 тонналық кемелерді шығаруға зауыттың мүмкіндігі жоқ, ол үшін зауыттың қуаттылығын арттыру, жаңа технологиялар мен өндірісті жаңғырту қажеттігін жеткізді. Бұл мәселе жөнінде қоғамдық кеңес мүшелері зауытқа шетелдік инвесторларды тарту және заманауи технологияларды трансферттеу секілді «Зенит» қорғаныс кәсіпорнын дамыту жөніндегі шараларды қолдап, жұмыс орындарын сақтап, акциялардың мемлекеттік үлесі басым болған жағдайда ғана жалға беруге болатындығын ұсынды. Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне ұсыныс жолданды.

– Қоғамдық кеңес мүшелерінің белсенділігі туралы не айтар едіңіз?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Жұмыстың ашық болуын арыз-шағымдарды қараудың жаңа тәсілін қолдану және қоғамдық мониторинг институтын енгізу арқылы қамтамасыз еткен жөн», – деген сөзі қоғамдық кеңес мүшелеріне демеу болды. Осы орайда бір мысалға тоқталсам, былтыр күзде облыстық қоғамдық кеңес мүшелеріне Сырым ауданындағы Бұлан және Жамбыл ауылдарының тұрғындары хабарласып, ауылдағы мәселені жеткізді. Яғни мердігер жұмысты толық аяқтамағандықтан, ауылға ауыз су кіргізілмеген. 2023 жылдың 6 қазанында облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Б. Ахметжан, М. Иманғалиев бастаған жұмыс тобы Бұлан ауылына барып, су құбырын жүргізу жұмыстары аяқталмай, жұмы-стың сапасыз орындалып жатқанын анықтады. Осы тексеру нәтижесінде кінәлі тұлғалар 3 миллион теңге әкімшілік айыппұл төледі. Кейін Бұлан, Жамбыл ауылындағы үйлерге құбыр тартылып, ауыз су кірді. Сырым ауданының әкімдігі ауыл тұрғындарының өтініштері қанағаттандырылғанын және тұрғындардың атқарылған жұмысқа риза екендерін жеткізді.

Қоғамдық кеңес жақында қолданысқа енгізілген «Қоғамдық бақылау» туралы заңды іске асыру үшін тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заң үстемдігі» жобасын қолға алды. Жобаның негізгі мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік ортасын қалыптастыру және де осы үрдіске ел азаматтарын жаппай тарту.

Кеңес мүшесі, «Ақ отау» отбасы орталығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы А. Есқалиева көп жылдан бері үйсіз-күйсіз жүрген, өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қоғамдық ортаға тарту, тамақтандыру үшін көшеде панасыз жүргендер көп шоғырланған аймаққа барып түсіндіру жұмысын ұйымдастырып жүр.

Сонымен қатар бізді қоғамда толғандыратын тағы бір мәселе – балалардың суицид жасауы. Қазір өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алумен, себеп-салдарын анықтаумен ешкім айналыспайтын сияқты. Тек дерек қана тіркелетіндей. Мысалы, суицид тіркелген ауылға зерттеу жүргізіп, өз өмірін қиған баланың ата-анасымен тілдесіп, жан-жақты жұмыс жүргізетін, оның жұмысын үйлестіретін құрылым керек екенін былтыр жыл соңында облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа жеткіздік. Бұл ұсынысымызды Оқу-ағарту министрі қолдап, оны зерттейтін орталықтың қажеттігін айтты.

Қоғамдық кеңестің қызметі жария жүргізіледі. Bkoko­gamdikkenes.kz ресми сайты жұмыс істейді. Әлеуметтік желілерді де тиімді пайдаланамыз. Интернет ресурстарында облыстық қоғамдық кеңестің ай сайын атқарған іс-шаралары тұрақты жарияланады, өтетін шаралардың бәріне БАҚ өкілдері, қоғамдық ұйым белсенділері шақырылады.

– Ербол Ғұмарұлы, сіз қоғамдық ой-талқылардың ортасында жүресіз. Сізді көпті көрген азамат ретінде қандай мәселе толғандырады?

– Соңғы жылдары әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатындар қатары артты. Әсіресе, саяси сауаты жоқ немесе сол айтып отырған жұмыстың маманы емес адамдардың пікірі көбейді. Егер толғандыратын мәселе туындаса, қай басшының болса да, жеке басына тиіспей, оның шешу жолын ұсыну керек. Жұмысты жақсарту бағытында өз ұсынысын айтуы қажет. Міне, сонда ғана елге, қоғамға болсын деген жанашырлығың сезіледі. Меніңше, үстірт, ұшқалақ ойды, өресіз сөзді жариялай беруге болмайды. Басшылық орынға келген адамның жеке басынан мін іздеп, ар-намысына тиіп, тұқырта бергеннен не өнеді? Мемлекеттік қызметтің қадір-қасиеті кетеді. Мектепте де солай, мұғалім баласына қатты ұрсып қалса да, оны арыздап жүрген бір ата-ана. Оған «Қой, олай қиянат жасама» деп ақыл айтатын да адам жоқ. Сондықтан кейде парасатты адамға тән адамгершілік, жанашырлық, сыйластық сықылды рухани қасиет-құндылықтар сарқылып бара жатқандай көрінеді.

 

Сұхбаттасқан Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале