12.06.2026, 17:30
Оқылды: 10

Көшелер жөнделіп, көпір жаңартылады

Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов шаһардағы бірқатар инфрақұрылым нысанын аралап, атқарылып жатқан жұмыстың сапасы мен қарқынын тексерді. 

DSC06877

Бұл туралы әкім өзінің Facebook парақшасында жариялады. Шаһар басшысының айтуынша, биыл тек қала аумағының өзінде 58 көшені ағымдағы жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар 15 аялдама қалтасы, 15 көтерме жаяу жүргінші өткелі жаңартылып, 40 учаскеде тротуарлар мен жаяу жүргінші өткелдерін қосу жұмысы жүргізіледі. Жалпы көлемі 44 мың шаршы метрден астам  аумақ  қамтылады.

DSC06860

Қала әкімі Мұрат Болатұлы Шаған өзені арқылы өтетін Деркөл кенті бағытындағы халық арасында «Шойын көпір» аталатын көпірдің техникалық жағдайын да тексерді. Биыл көпір жөнделеді. Жоба аясында көпірдің барлық алты деформациялық тігісі ауыстырылып, жол жабыны толық жаңартылады. Ұзындығы 216 метр, ені 11,5 метр нысанды жөндеу маусым айының екінші жартысында басталуы тиіс. Жоғарыда аталған көшелерді ағымдағы жөндеу мен көпірді жаңарту жобасының құны – 400 млн теңге.

DSC06855

Бұдан бөлек, Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Жигули» аялдамасы маңында жаяу жүргінші жолы жаңартылуда. Әкімнің айтуынша, тұрғындардан бұл тротуардың тозып, жауын-шашын күндері су жиналатыны жөнінде бірнеше рет шағым түскен. Осы мәселені шешу үшін бұл жерге Н. Назарбаев даңғылындағы қайта жаңартылған тротуардан алынған өрнектастар төселіп жатыр. Негізгі мақсат – тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау. Бұл жұмысты демеушілер атқарып жатыр. Шаһар әкімі мердігер компания өкілдеріне нақты тапсырмалар берді. Барлық жұмыстың сапасы мен аяқталу мерзімін тұрақты  бақылауында  ұстамақ.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале