Жайдарлы жаз басталды, демек Теректі ауданының өнерпаздары дәстүрге айналған көңілді шаралар легін тұрғындар назарына ұсынбақ.

Аталған жоба көрерменге жол тартып, кезекті маусымның ашылуы кең көлемде атап өтілді. Бұл күні Теректінің кеші әуезді ән мен мың бұрылған бимен жарқырады.
Аудан әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев аудан халқын жобаның ашылуымен құттықтап сөз сөйлеп, ауыл тұрғындары үшін мәдени шаралардың маңызын атап өтті.

— Бұл шараның ұйымдастырылу мақсаты — ауданымыздың жетістіктерімен бөлісу, салауатты өмір салтын дәріптеу, тұрғындардың сапалы демалуына жағдай жасау, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік өнімдерді таныстыру және ауылдар арасындағы ынтымақты жалғастыру. Бұл жобаның қорытындысында арнайы марапаттар болады. Қатысатын әр ауылдық округке сәттілік, келген тұрғындарға жақсы көңіл күй тілеймін, - деді Темірболат Мұхитұлы.
Музыкалық кеш өткен орталық алаңда еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін төбе көрсетті. Аудан өнерпаздары көрерменге ашық аспан астында ән мен би өрілген керемет кеш сыйлап, концерт көріп отырған жұртшылық алаңды бимен қыздырды.

Кішкентай бүлдіршіндер мен жас жеткіншектер арнайы құрылған ойын-сауық алаңының қызығына батып, тәттіге тойып мәз-мейрам болды. Концерттік бағдарлама көрерменнің жүрегінен орын тапқан “Атамекен” әнімен қорытындыланды. Тұрғындар күнделікті күйбең тірліктен демалып, бір тынығып алғаны анық. Мәдениет үйінің қызметкерлері аптаның әр бейсенбісінде жаймашуақ жаз мезгілін көтеріңкі көңіл күйде өткізуге шақырады.

Айта кетейік, келесі аптада орталық алаңда Подстепный ауылдық округі өнер көрсететін болады.
Қ.Аманжолқызы,
Теректі ауданы