12.06.2026, 16:30
Оқылды: 41

Тасқала ауданында тауарлы несие бағдарламасын енгізу арқылы әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету жолдары қарастырылды

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында халықтың тұрмыс деңгейін көтеру, кедейшілікпен күресу және жағдайы төмен отбасыларды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған маңызды жиын өтті.

кедейшілік (5)

Аудан әкімі Талғат Шакиров төрағалық еткен жиынға қоғам белсендісі, жерлесіміз Табылғали Сапаров пен Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бақберген Абуов, Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильділігі орталығының директоры  Саян  Қуанышұлы Баймұханов сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков пен бірнеше мекеме басшылары мен үкіметтік емес ұйымның мүшелері  қатысты.

Басқосуда тауарлы несие бағдарламасын кеңінен енгізу арқылы әлеуметтік осал топтарға нақты қолдау көрсету жолдары қарастырылды.

Жиынға қатысушылар аз қамтылған отбасыларға тек қаржылай көмек берумен шектелмей, олардың өз еңбегімен нәпақа табуына мүмкіндік жасау қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта тұрмысы төмен отбасыларға мал беріп, шаруашылық жүргізуге жағдай жасау мәселесі кеңінен талқыланды.

Қазақ халқы ежелден «Асарлатып үй салған, ағайынның қамын жеген» ел. Бір адамның қиындығын көп болып көтеру - халқымыздың қанында бар қасиет. Бүгінде осы игі дәстүрді жаңғыртатын уақыт келді. Ауылдағы іргелі шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер мен жағдайы жақсы азаматтар мұқтаж отбасыларға қол ұшын созса, бұл тек бір шаңырақтың ғана емес, тұтас қоғамның еңсесін көтерер еді.

Бір отбасыға бірнеше бас мал беру - жай ғана көмек емес. Бұл - сол отбасының ертеңіне салынған инвестиция, балалардың болашағына жасалған қамқорлық. Мал басын көбейтіп, өз кәсібін дөңгелеткен отбасы уақыт өте келе өзге мұқтаж жандарға да қолдау көрсетуге қауқарлы болады. Осылайша қайырымдылықтың шапағаты бір үйден екінші үйге таралып, ізгіліктің үлкен тізбегі қалыптасады.

Қоғамның қуаты - оның бірлігінде. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаумен қатар, ел ішіндегі жанашыр азаматтардың да белсенділігі аса маңызды. Әрбір шаруа қожалығы мен кәсіпкер туған жерінің өркендеуіне үлес қосып, бір отбасының жағдайын жақсартуға атсалысса, бұл ауылдың әлеуметтік ахуалына оң әсерін тигізері анық.

Қазақ «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Ендеше, ағайынға сүйеу болып, мұқтаж жанға демеу көрсету - бәрімізге ортақ міндет. Бірліктің арқасында ғана тұрмысы төмен отбасылардың қатары азайып, берекелі де бақуатты қоғам қалыптастыра аламыз. Сондықтан, алдағы жүзеге асар бағдарламаға әр тұрғын қолдан келгенше қолдау білдіреді деген үміттеміз. Ол үшін тек сіздердің қолдауларыңыз керек.

кедейшілік (3)

Жиыннан кейін Бақберген Талғатұлы аудандық Мансап және  Отбасын қолдау орталығының сондай-ақ,  қарттар үйінің және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты мекемелердің жұмысымен танысты. Әлеуметтік қызмет көрсету сапасына назар аударып, сала мамандарымен кездесті.

Бекжан Өтемісов

Тасқала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале