12.06.2026, 21:54
Оқылды: 7

Теректіде мемлекеттік қызметкерлер бас қосты

ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Мұрат Байсалов Теректі ауданына жұмыс сапарымен келіп, мемлекеттік қызметкерлермен кездесу өткізді.

720695811_18222956551316896_2589632475504484236_n

Аталған жиынға ауылдық округ әкімдері, басқарма, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Отырыс барысында аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова жиынның жүргізілу барысы жайында жеткізіп, сөз тізгінін мейманға ұсынды.

Мұрат Сейлбекұлы қатысушыларға «Мемлекеттік қызмет туралы» заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайында түсіндірді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтегі жауапты әрі сапалы атқарылған жұмысы үшін бірнеше маманды марапаттады. Басқосу кезінде қатысушылар сұрақтарын қойып, пікірлерін ортаға салды.

719524232_18222956506316896_5975243576733576874_n

Әрі қарай қонағымыз аудан әкімдігінің кіші залында аудан активімен кездесті. Мұрат Сейлбекұлы өз сөзінде күшіне енетін жаңа заңнамаларға тоқталып, мемлекеттік қызметкерлердің жұмыста және жұмыстан тыс әдеп нормалары жайында сөз етті. Осы бағытта тиісті жұмыстарды күшейту қажет екенін тілге тиек етіп, қызметкерлерді зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды. Отырыс кезінде қатысушылар көкейінде жүрген сауалдарды қойып, ойымен бөлісті.

Жүздесу одан әрмен «Қазына» коворкинг орталығында жалғасты. Мұрат Байсалов жас мемлекеттік қызметшілермен көрісіп, тілдесті.

Кездесу барысында мемлекеттік қызметке орналасудың ашық тетіктері, Президенттік жастар кадр резервінің тәжірибесі және жас мамандарды қолдау бағдарламалары талқыланды. Сонымен қатар аудан әкімі Әлия Биғазықызы мен мемлекеттік қызмет ардагері Ғұсман Катабаев өзінің өмір жолын баяндап, еңбек тәжірибесін бөлісті. Жастар белсенді түрде отырысқа қатысып, мазалаған сұрақтарын қойып, ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Жиын аяғында жас мамандарға білім алуға, қызметтегі қабілетін дамытып, алға ұмтылуға кеңес берілді.

719150213_18222956578316896_7253598082462435042_n

Департамент басшысының жұмыс сапары “Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам - жарқын болашақ кепілі” тақырыбындағы аудандық эссе байқауымен мәресіне жетті. Шығармашылық сайыс аясында қатысушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адалдық пен парасаттылық қағидаттарын нығайту мәселелеріне бағытталған еңбектері сарапқа салынды. Байқау соңында қатысушылар мен жеңімпаздар алғысхат, арнайы дипломмен марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды.

720040413_18222956617316896_7158069628643587430_n

Қ. Саясатова, 

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале