13.06.2026, 9:00
Оқылды: 7

Теректілік бишілерде қос бірдей бас жүлде

Өткен аптада Түркістан қаласында өткен «Түркістан дарындары» атты халықаралық балалар және жастар  шығармашылығының көпжанрлы байқауында Теректі ауданы Покатилов ауылының Елизавета Сералиева жетекшілік ететін «Жарқын-ай» би тобы «Антошка» және «Аватар»  билерімен екі бірдей бас жүлдеге ие болып, жеңіс төрінен бой көрсетті.

48e116d3-5a73-4c2f-bdae-170eb4e46746

Аталмыш сайыс дарынды балалардың және өнер ұжымдары жетекшілерінің шығармашылық әлеуетін ашып, оны жүзеге асыру және кең көлемде насихаттау мақсатында өткізілді. Бұл ауқымды жарыста өнер саласы мамандары мен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері төрелік етіп, қатысушылардың әртістік шеберлігі, орындау техникасы, музыкалық рәсімдеуі және қойылым композициясы бойынша таразыға салды. Жас өрендеріміздің шығармашылығын қазылар алқасы жоғары бағалап, жерлестеріміз еңбек пен дарынның үйлесімін және жоғары шеберлігін көрсетіп, бас жүлдеге ие болды.

3039385d-3252-4f6e-b093-4ed34f33fd1b

Бұл қуанышты жаңалықты бізбен Покатилов мәдениет үйінің директоры Николай Сунцов бөліскен болатын. Оның айтуынша, би тобында 5-9 жас аралығындағы он жеті бала өнер көрсетіп, байқауда еліміздің әр тарапынан жиналған 20 шығармашылық ұжым бақ сынаған. Сайыс қорытындысы бойынша үш бас жүлде тігілген болса, оның екеуі - теректіліктерде. Сондай-ақ аталған шараның салтанатты марапаттау кезінде би тобының жетекшісі Елизавета Алексеевнаға шығармашылық серіктестігі мен кәсібилігі үшін алғысхат табысталды.

Елизавета Сералиева Құрманғазы атындағы музыка колледжін 2022 жылы бітіріп, 2024 жылы өз жұмысын бастаған. Осы екі жылдың ішінде хореограф ауыл балаларының үлкен сахналарда өнер көрсетуіне мүмкіндік туғызып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап келеді.

3cd43f49-b01b-44f1-aec3-6466981c1c53

Жеңіспен оралған би ұжымын жерлестері салтанатты түрде гүл шоқтарымен қарсылап алды.

Қаламқас Саясатова,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале