Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен қалдықтарды басқару мәселелері қаралған кеңес болғаны белгілі. Жиында өңір басшысы полигондарды күтіп ұстау мәселесінде Бәйтерек ауданының тәжірибесін өзгелерге мысал етті.

- Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында аймақта да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, кейбір мәселелерді шешу жолында қоғамның ортақ жауапкершілігі маңызды. Өңірде 147 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Біз оларды қоршау, санитарлық, экологиялық талаптарға сәйкес рұқсат құжаттарын рәсімдеу бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізудеміз.
Полигондарды күтіп ұстау мәселесінде Бәйтерек ауданының тәжірибесін мысал етуге болады. Мұнда Достық ауылында орналасқан полигон сенімгерлік басқаруға берілген. Кәсіпкер сұрыпталған қалдықтарды қабылдау пунктін ашуға кірісті. Оған аудан әкімдігі қолдау көрсетіп, арнайы аппарат пен трансформатор сатып алып берген. Міне, осындай нақты істер нәтиже беретіні анық,-деді Нариман Төреғалиұлы.

Жиында Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның сөзінше, Бәйтеректе 21 заңды полигон бар. Бүгінгі таңда 3 полигонға (Переметный, Дариян, Бейбітшілік) арнайы рұқсаты эмиссия алынды. Ағымдағы жылы қосымша 4 полигонға (Махамбет, Достық, Атамекен және Янайкин) эмиссия алынатын болады.
- Полигондарды күтіп ұстау мақсатында Достық ауылында орналасқан полигон сенімгерлік басқаруға берілді. Енді Дариян ауылдық округінің Озерный ауылында орналасқан полигонды сенімгерлік басқаруға беру бойынша құжаттар рәсімделуде, - деді Марат Лұқпанұлы.
Осыдан бір жыл бұрын Достықтағы полигонды сенімгерлік басқаруға алған Рауан Уахитов бұл кәсіпті қолға алғанына сегіз жылдай уақыт болған екен. Оның айтуынша, осы істі бастаған кезде ауылда қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) көше бойында шашылып жататын. Көп кешікпей ауыл әкімдігінің көмегімен көше бойына, соның ішінде көп қабатты үйлер маңына арнайы контейнерлер қоя бастады. Қазіргі таңда ауылда 20 контейнер тұр. Бұл контейнерлердегі қалдықтар аптасына екі мәрте тазаланады. Ал жеке үйлерден өздері алып кетеді. Яғни жексенбіде көше бойын аралап арнайы пакет пен қапқа салынған қалдықтарды жинап алып кетеді. Соған орай телефондағы вацап желісінде арнайы чат ашып, қай уақытта қай көшеге баратынын алдын ала жазады. Бүгінде тұрғындар осыған үйреніп, қатты қалдықтарын пакет-қаптарына салып оларды күтіп тұрады. Дегемен де бұлар ауылдағы үйлердің 30 пайыздайымен ғана жұмыс істеп отыр. Қалғандары ҚТҚ үшін төлегісі келмейді. Айтар сылтау көп: біреулері мусорды өзіміз шығарамыз десе, екіншілері ол үйде тұрмаймыз дейтін көрінеді. Төлемақы екі түрлі қарастырылған. Негізгі ақы - бір үйде тұратын адам басына айына 400 теңге. Ал көп балалы не жағдайы болмай мұны төлеуге мүмкіндігі жоқтарға әр мусор пакеті үшін 150 теңге, қап үшін 200 теңге. Ал мүгедектігі бар адамдар үшін тегін.

Достық ауылының солтүстік бағытында 2 шақырым қашықтықта орналасқан тұрмыстық қалдық полигонының аумағы 5 гектарды құрайды. «Бұл полигонның ашылғанына көп болған жоқ, - дейді Рауан Шәріпжанұлы. - 2011 жылы ауылымызға қарғын су келуі себепті осы жерден топырақ алдынды.

Артынан ол ҚТҚ полигонына айналды. 2018 жылы осынау істі қолға алған кезде ауыл басшылығына бұл полигонды жалға алу жөнінде ұсынысымызды айттық. Артынан ковид басталды, басқа да мәселелер туындап сиырқүйымшақтанып кетті. Содан сенімгерлік басқаруға өткен жылдың қазан айында берді. Бұрын полигонның нақты иесі болмаған соң ҚТҚ-ны қаладан, айналадағы басқа да елді мекендерден әкеліп төгетіндер аз болған жоқ. Әсіресе үй жануарларының өлексесі, мал сойғаннан кейін қалатын ішек-қарын сияқтылар да осы жерлерден табылатын. Мұнай қалдықтарын төгіп кеткен жайттар да кездесті. Мен өзімше мал көңдерін бөлек жинап қойып жүргенімде белгісіз біреулер бірнеше рет өртеп кетті. Былтыр полигонды жалға алған соң шлагбаум, қақпа, бейнебақылау камерасын орнаттық, бұл жерді күзетіп, реттеп отыратын екі адамды жұмысқа алдық. Бұрын мұнда кез-келген адам келіп ҚТҚ-ны төгіп кететін. Қазір келген көлік 500 теңге ақшасын төлеп, полигонға кіріп, алып келген тұрмыстық қалдықтың түріне байланысты белгіленген орынға барып төгеді.

Жаз мезігілінде орта есеппен күніне он шақты көлік келеді. Енді бізге тезірек электр жарығын тартып берсе екен дейміз. Свет болмауы себепті аудан әкімінің көмегімен тегін берілген пресс-аппарат пен трансформатор ауламда тұр. Алдағы уақытта бұл полигонды жаңаша дамытқым келеді. Нақтылап айтқанда, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап қана қоймай, тұрмысқа қажетті өнім түрлерін шығару жоспарда бар. Мәселен, қалдықтардың арасында ағаш қалдықтары кездеседі. Соларды өңдеп жоңқа (опилка) жасасам ба деймін. Пенопластан пеноблок секілді құрылыс материалдарды неге дайындамасқа? Мусорда не көп, целлофан көп, оларды да ерітіп, өңдеп кәдеге жатаруға болады. Қазір шамамен полигон аумағының 10-15 пайызында ғана тұрмыстық қалдықтар жатыр. Қалған жер бос тұр. Сол себепті бұл идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол.
Біреу келіп мұны жасап бермейтіні де анық. Соған байланысты өзіміз «Ауыл аманаты» секілді бағдарламаларға қатысып, несие алғымыз келеді. Алайда, Достықтағы 70 пайыздай үйдің бізбен келісім шартқа отырмауы қиындық тудырып отыр. Жоғарыда атап өткен өнімдерді шығару үшін тұрақты түрде шикізат келіп тұруы керек қой, қазір ауылдан жиналып отырған ҚТҚ оған жеткіліксіз болады. Ауыл, аудан басшылығы бізге осы тұрғыдан да мүмкіндігінше жәрдем берсе нұр үстіне нұр болар еді».
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы
