Бөрлі ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Арыстан Нұржановтың қатысуымен «Бөрлі ауданында жылыту маусымына дайындық: қауіпсіздік шаралары» тақырыбында брифинг өтті.

Брифинг барысында жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы және тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша атқарылып жатқан шаралар сөз болды. Арыстан Талғатұлының айтуынша, ауданда жылыту маусымына дайындық жұмыстары ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап белсенді жүргізілуде. Дайындық кезеңі басталғалы тұрғын үй секторында 5 өрт оқиғасы тіркеліпті.
Қазіргі уақытта ауданымызда 14 787 тұрғын үй есепке алынған. Оның 170-і көпқабатты болса, 14 617-сі жеке тұрғын үйлер. Жылыту маусымына дайындық барысында тұрғын үй секторларына рейд ұйымдастырылып, оған азаматтық қорғау қызметкерлері, аудандық газ тұтыну қызметі, полиция және волонтерлер қатысты. Аталған рейдтік шара тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп, улы газдан уланудың алдын алу және төтенше жағдайлардың орын алу қаупін азайту мақсатында ұйымдастырылды.
Түрғын үйлерді тексеру барысында жиі кездесетін қауіпсіздік талаптарының бұзылуына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, тұрғындарға тозығы жеткен және жарамсыз электр сымдарын ауыстыру керектігі, қолдан жасалған электр жылытқыштарын пайдаланбау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар пеш пен газ плитасының айналасындағы өртке қарсы арақашықтықты сақтау, мұржаларды күйеден уақытылы тазалау және пеш құрылымындағы жарықтарды сылап, әктеу жөнінде ескертулер де айтылды. Сондай-ақ тұрғындарға улы газдан болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін желдету жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуін тексеріп және көміртек тотығын анықтайтын арнайы датчиктер орнатудың маңыздылығы да түсіндірілді.
Жылыту маусымына дайындық барысында әсіресе әлеуметтік осал санатқа жататын отбасылардың үйлеріне ерекше назар аударылды. Арнайы рейд барысында аталған тұрғын үйлер тексеріліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті нұсқаулықтар да берілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында демеушілердің қолдауымен әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктер де орнатылды.
Жалпы, аудан бойынша 513 тұрғын үйге рейдтік шаралар жүргізіліп, тұрғындарға 500-ден астам арнайы жадынама таратылды. Бұдан бөлек, халықты ақпараттандыру жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Радио арқылы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, интернет желілерінде ақпараттық материалдар жариялануда. Сондай-ақ аудандық газет беттерінде өрт қауіпсіздігі мен жылыту маусымындағы сақтық шаралары туралы мақалалар жарық көруде.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы