16.09.2026, 15:45
Оқылды: 11

Тілдің мерейі - елдің мерейі

Тіл — ұлттың рухани өзегі, елдің бірлігі мен тұтастығын бекемдейтін алтын арқау. Ана тілін ардақтау, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету — ұлт болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Осы мақсатты көздеген «Тілдің мерейі — елдің мерейі» атты дәстүрлі қалалық тіл фестивалі Жастар мәдениет сарайында мазмұнды түрде өтті.

8a7481d0-25c3-4169-9c57-2e6662c73be1

Тағылымы мол шара Қазақстан халқының тілдерін дәріптеу, мемлекеттік тілдің қоғамдық қолданыс аясын кеңейту, өскелең ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру және тіл мәдениетін насихаттауға бағытталды.

Фестивальдің әр сәтінен ұлттық рух пен өнерге деген құрмет анық сезілді.

Шараның шымылдығын «Салтанат» би ансамблі ашып, көрерменге қазақ халқының кең тынысты дәстүрі мен ұлттық болмысын бейнелейтін «Ұлы дала тойы» биін ұсынды.

4c53c328-09b0-456c-bc8d-36d7adfe32bf

Өнер кешінің мазмұнын «Ғасыр жастары» жастар театрының тағылымды қойылымы мен «Алаш» этно-фольклорлық ансамблінің дәстүрлі өнері одан әрі тереңдете түсті. Ән мен күй, би мен сахналық көрініс арқылы ұлттық өнердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани сабақтастығы көрініс тапты.

90d26a58-d88b-41e1-aa12-2aa8c8fbf0d3

Фестиваль аясында тіл тақырыбына арналған кітап көрмелері де ұйымдастырылып, көрермен назарына ана тіліміздің тарихы мен тағылымын, ұлттық құндылықтар мен рухани мұраны арқау еткен әдебиеттер ұсынылды. Бұл өз кезегінде тіл мен мәдениеттің егіз ұғым екенін айшықтай түсті.

Салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев сөз сөйлеп, көпшілікті Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтады. Сонымен қатар тіл саласының дамуына елеулі үлес қосып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарды арнайы төсбелгілермен марапаттады.

8e769b02-171b-45fb-9105-3ecd1367a826

Тіл — өткен мен бүгінді жалғап, келешекке жол бастайтын қасиетті құндылық. Оның тағдырына деген жауапкершілік — әр азаматтың жүрегінен орын алатын елдік міндет. Ана тіліміздің айбынын асырып, абыройын асқақтату — баршамызға ортақ парыз.

 

Айжан Бауыржанқызы,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале