Ақжайық ауданында «Дала дүбірі – Ақжайық FEST-2026» республикалық фестивалі өтті.

Қазақстан аңшылар және балықшылардың «Охотники.kz» қауымдастығы ұйымдастырған фестивальге Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Шымкент, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан 100-ге жуық аңшы мен қонақ жиналды.

Биыл қауымдастықтың құрылғанына 14 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде еліміздің әр өңірінде 15 фестиваль ұйымдастырылған.

Фестивальдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Денис Умашев, қауымдастықтың негізін қалаушы Владимир Корытько, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының бөлім басшысы Талғат Тұрсынов, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марат Ығылманов қатысты.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Денис Молдағалиұлы аңшылықтың халқымыздың байырғы мұрасы екенін айтып, фестивальдің туған жердің табиғатын қадірлеуге, саламатты өмір салтын, экологиялық туризмді және аңшылық мәдениетін насихаттаудағы маңызына тоқталды.
Ал облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының бөлім басшысы Талғат Тұрсынов өңірде аң аулауға ресми рұқсат алған 11 мыңға жуық аңшы бар екенін айтып, заңсыз аңшылықпен күресте олардың қолдауы ерекше екенін жеткізді.

Қауымдастықтың негізін қалаушы Владимир Корытько мұндай басқосулардың елді танытуға, туризмді дамытуға және табиғатқа жауапкершілікпен қарауға ықпал ететінін атап өтіп, фестивальдің өтуіне қолдау көрсеткен азаматтарға алғысхат табыстады.
Сондай-ақ Ресей Федерациясының астанасы Мәскеуден арнайы келген жерлесіміз Жаслан Мерғалиевке құрмет көрсетілді.
Қауымдастықтың облыстық филиалының белді мүшесі Талғат Мәулетов саятшылықтың тарихына тоқталып, бабалардан жеткен аңшылық дәстүрінің мән-маңызы туралы тағылымды әңгіме өрбітті.
Екі күнге созылған фестиваль барысында қатысушылар ләңгі тебу, асық ату, арқан тарту, дәстүрлі садақ ату, пневматикалық мылтықпен нысана көздеу және балық аулау бойынша сынға түсті. Ұлттық ойындар мен мергендік сайыстар көпшіліктің қызығушылығын туғызып, мерекенің көркін аша түсті.

Фестиваль қорытындысында Маңғыстау облысының командасы жеңімпаз атанды. Астана қаласының аңшылары екінші орынға ие болды. Ал үшінші орынды иеленген Ақтөбе облысының командасына келесі жылғы фестивальді өткізу құқығын білдіретін ауыспалы кубок табысталды.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы