12.06.2026, 15:30
Оқылды: 10

Семинар өзегі – экологиялық тәрбие

Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған «ECOBATYS – ерте жастан еңбекке баулу: дәстүрлі және заманауи педагогикалық технологиялардың интеграциясы» атты республикалық семинар өтті.

 _gluster_2026_6_10_7822d98ac435dec4150ebce97ec588a5_1280x720

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Балаларды ерте дамыту» институтының аға ғылыми қызметкері Жазира Ахметова, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин және еліміздің 14 өңірінен келген сала мамандары қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балаларды экологиялық мәдениетке баулу, сондай-ақ дәстүрлі және заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолдану арқылы педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру.

Басқосуда экологиялық тәрбие беру, еңбекке баулу және цифрлық технологияларды білім беру үдерісінде қолдану мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктеріне де назар аударылды.

«Экологиялық тәрбие балабақшадан,  мектепалды даярлық кезеңінен басталуы қажет, табиғатты аялау – бала кезден қалыптасатын негізгі құндылық болуға тиіс. Облыста 571 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, онда 32 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр, ал қамту деңгейінің 100 пайызға жетуі – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сондай-ақ бөбекжайлардағы бөбектердің үлгілік оқу бағдарламасын меңгеру деңгейі жыл сайын тұрақты өсіп келеді», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Набиоллаұлы.

Семинарда өңірде жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалар да таныстырылды. Атап айтқанда, мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға бағытталған 7 облыстық жоба мыналар:

«DAS.kz – МДҰ әдіскерлерінің инновациялық трансформациясы»;

«Бәрін білгім келеді» интеллектуалдық дамыту зертханасы;

«COLLABORATION» мобильді топтар жобасы;

«Мобильді бірлестік» әдістемелік қауымдастығы;

«Junior Educator Skills: жас маманның даму моделі»;

«Жасыл балабақша» экологиялық тәрбие беру жобасы;

«Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» республикалық пилоттық жобасы.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл жобалар педагогтердің кәсіби дамуына, өрендердің шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін арттыруға, сондай-ақ тиімді тәжірибені кеңінен таратуға мүмкіндік береді.

Кәсіби алаңның басты ерекшелігі – экологиялық тәрбиені дәстүрлі әңгімелеу әдісімен емес, жасанды интеллект технологиясы арқылы жаңа сипатта ұсыну болды. Атап айтқанда, қатысушылар суасты әлеміндегі тіршілік иелерін «сөйлете білген» цифрлық көріністі тамашалады.

_gluster_2026_6_10_7c74ec523bf196de21dd229e637c22c3_1280x720

Жасанды интеллект көмегімен жасалған сюжетте кәрі балық жас балықтарға табиғатты қорғау, су айдындарын ластамау және экологиялық тепе-теңдікті сақтау туралы өнегелі әңгіме айтады. Бұл тәсіл балалардың экологиялық тақырыпты қызыға қабылдауына мүмкіндік беретін ұтымды әдіс ретінде бағаланды.

Семинар соңында қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастырудың заманауи тәсілдері мен инновациялық педагогикалық тәжірибелер бойынша пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.

Ернар Жақыпов,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале