«Атамекен» өнер ордасында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Вадим Быковтың «Нүкте кеңістігі» атты дербес көрмесі өтті. Көрме облыстық тарихи-өлкетану музейі, көрме ұйымдастыру бөлімі мен Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірлесуімен ұйымдастырылды.

Вадим Быков – қазақстандық суретші, педагог және арт-студия жетекшісі. Ол 1968 жылғы 7 қазанда Қостанай облысының Урицкий кентінде өмірге келген. Челябі қаласында суретші-безендіруші мамандығы бойынша білім алған. 2000 жылдан бастап облыстық, республикалық және жеке көрмелерге қатысып келеді. Оның туындылары Қостанай мен Астана қалаларында көрермен назарына ұсынылып, жеке коллекциялар мен музей қорларына енген. 2011 жылдан бері «Вадим Быковтың арт-студиясын» басқарып, балалар мен ересектерге сурет салу және кескіндеме өнерін үйретіп келеді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі және Қостанай облыстық Суретшілер одағы ұйымының жетекшісі.
Суретшінің картиналары реалистік бағытқа сай портрет, пейзаж, жануарлар әлемі және натюрморт жанрларын қамтиды. Шығармаларындағы идеялар мен бейнелер өз дәуірінің көркемдік үдерістерімен сабақтасып жатыр. Суретшінің шығармашылық мұрасында әртүрлі жанрдағы туындылар молынан кездеседі. Оның еңбектері Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында, Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдердегі жеке коллекцияларда сақтаулы.
– «Атамекен» өнер ордасындағы көрме залына Қостанай өңірінен келген суретші Вадим Быков шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылып отыр. Бұл көрмені өткізу жөніндегі келісім өткен күзде жасалып, өңіраралық шығармашылық байланысты нығайту және өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында қолға алынған еді. Көрме бір айға жуық уақыт бойы қала тұрғындары мен қонақтарына ашық болады. Сонымен қатар көрме жұмысына Қостанай тарихи-өлкетану музейінің әріптестері де қатысып отыр. Осындай мәдени байланыстар мен өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға атсалысып келген әріптестерімізге қош келдіңіздер дейміз, – деді облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Нұржан Дүзбатыр.

Бейнелеу өнеріндегі графика – өзіндік көркемдік тілі мен терең мазмұны арқылы ерекшеленетін бағыттардың бірі. Кескіндеме түс пен бояу үндестігіне негізделсе, графика сызық пен штрихтың мүмкіндігі арқылы ой мен сезімді жеткізеді. Сызықтардың динамикалық үйлесімі, штрихтардың құбылмалы ырғағы көрерменді суретшінің ішкі жан дүниесіне жетелеп, шығарманың эстетикалық әрі философиялық болмысын тереңірек танытады. Әрбір картина өз алдына ерекше, әрқайсысы дербес мән-мазмұнға ие. Бүгін көрмеге қойылған 100-ге жуық туынды – суретшінің көпжылдық еңбегінің жемісі. Бұл – жай суреттер емес, бұл – бейнеленген философия.
– «Нүкте кеңістігі» көрмесі – тек картиналар жиынтығы ғана емес, сызықтар арқылы сөйлейтін ерекше әлем. Баршаңызды көрмеден жақсы әсер алып, графика өнерінің нәзік сұлулығын тамашалауға шақырамыз, – деді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Вадим Быков.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»