30.04.2024, 11:45
Оқылды: 36

Ауыл көркейсе, ел өркендейді

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елімізде соңғы жылдары ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөліне бастады. Бұл – құптарлық жайт. Себебі ауыл көркеймей, ел өркендемейді. Сонымен қатар ауыл руханият пен мәдениеттің де алтын бесігі. Ұлттық болмысымыз бен ұлттық құндылықтарымыз, ең алдымен, ауыл топырағында қалыптасатынын ұмытпайық. Еліміздің эконономикалық басым бағытта­ры­ның бірі – ауылдық аумақ­тарды дамыту.

440944360_998120895650918_3318983493719064922_n

Елімізде сәулеті мен дәулеті жарасқан ауылдар аз емес. Солардың бірі – Қамысты ауылдық округі. Басты трассадан Қамысты ауылына дейінгі 14 шақырымдық жол былтыр жөндеуден өтті. Бұрын-соңды грейдер болған жерге алғаш рет асфальт төселді. Оған бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 1,6 млрд теңге. Жөндеу жұмыстарын «Қызылорда жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды. Бүгінде ауылдың тұрмысы өсіп-өркендеген. Еңбек ресурстары да жеткілікті аумақ ре­тінде қалыптасып отыр. Соңғы төрт жылда ауыл қалай өзгергенін білу үшін арнайы Қамыстыға жол тарттық. Расымен де, кіреберіс жолдың 14 шақырымы тақтайдай екен. Ауылға қалай жеткенімізді де байқамай қалдық. 2020 жылдан бері ауылдың әкімі болып жүрген Нұрлан Аюповпен тілдесіп, атқарылған жұмыстар хақында білдік. Өзі басқарған жылдары, яғни 2020 жылы тозған су құбырлары полиэтилен құбырларына ауыстырылып, ауылдағы «Балбұлақ» бөбекжайы күрделі жөндеуден өтті. Сол жылы ірі қара саны 300 басқа көбейген екен. Мәселен, 1457 бас сиырдан 1275 бұзау, 3281 бас қой-ешкіден 2881 қозы-лақ, 553 бас биеден 262 құлын алынды. Сонымен қатар «Салиха» шаруа қожалығы МТЗ-82 тракторын 10 млн теңгеге лизинг арқылы сатып алды.

440939530_998120878984253_1552057441996952421_n

Ал 2021 жылы «Жайық Сити» ЖШС құны 62 млн 757 мың 927 теңгені құрайтын, жалпы ұзындығы 2,3 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолын салып берді. Сонымен қатар  ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауылдың мәдениет үйі күрделі  жөндеуден өтті. Мәдениет ошағын «КомпанияСтройИндустрия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, ауылдың 15 тұрғыны жұмысқа тартылған. Алты ай мерзім ішінде құны 128 млн 645 мың теңге тұратын жөндеу жұмыстарының нәтижесінде талапқа сай ғимарат халық игілігіне берілді. Сондай-ақ «2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау бойынша 13 шаруа қожалығы мал басын асылдандыру үшін 3 млн 300 мың теңгеге 22 бас асыл тұқымды бұқа, 15 ШҚ 9 млн  680 мың теңгеге 968 аналық сатып алды. Бес шаруа қожалығы «Терра» ЖШС-не 71 бас бұқашық тапсырып, әр келісіне 200 теңгеден 4 млн 853 мың 400 теңге субсидия есептеліп, барлығы 19 млн 153 мың 600 теңге субсидия алуға қол жеткізді.

440935600_998120838984257_1065133401679149810_n

Қамысты ауылдық округінің әкімі Нүрлан Дүйсенғайұлының айтуынша, 2022 жылы «Prime StroyProject» ЖШС ауыл ішіндегі жарықтандырылмаған Тәуелсіздік, Достық, Е.Ниетқалиев, М.Мақатаев, Р.Егізбаев, Астана, М.Даришев, Абылайхан көшелеріне электр желісін тартқан. Бұл жұмыстың барлығы 2 млн 998 мың теңгені құраған екен. Сонымен қатар «HAZAR AQUA» және «ВодЭкоФильтр» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жалпы құны 8 млн 523 мың теңге тұратын су құбыры жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Нұрлан Аюпов

2023 жылы ауыл тұрғындарын жағымды жаңалық қуантты. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында заманауи талаптарға сай жалпы қаражаты 286 млн 7 мың тенгені құрайтын жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, пайдалануға берілген еді. Сонымен қатар жап-жаңа жалдамалы екі тұрғын үй салынып, кезекте тұрған тұрғындарға берілді. Одан бөлек ауылдағы Тәуелсіздік пен М.Мәметова көшелеріндегі бетонды бағаналар мен кабельдер толығымен ауыстырылды. Ауыстыру жұмыстары 2025 жылға дейін жалғасып, бірнеше көшенің бетондары мен кабельдері жаңара түседі. Ауылдағы 12 көше жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолының бойында жарық шамдар орнатылды. Қазіргі таңда 136 жарық шамы бар, барлығы светодиодты. 2020 жылмен салыстырғанда 80 шамға көбейіп, ауылдың көркін келтіруде. Сондай-ақ 2023 жылы мектеп бітіргендеріне 20-30 жыл болған түлектердің қолдауымен Абай көшесі бойынан заманауи бағытта балалардың ойын алаңы салынып, бүлдіршіндердің игілігіне берілген.

Төрт жылды артқа тастап, біраз істің басы қайырылып, ауыл жақсы жаққа бет алып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайының жақсарғанын естігеннен бөлек өз көзімізбен көрдік. Тіпті, ауласында сенбілік жасап жүрген қариямен сөйлесіп, пікірін алған едік.

WhatsApp Image 2024-04-30 at 12.52.03

- Еліміз, соның ішінде өзіміздің ауыл көркейіп келеді. Соның бір айғағы – жаңадан салынып, пайдалануға берілген медициналық нысан. Қанша жылдан бері көтеріліп келген мәселе өз шешімін тапты. Аллаға шүкір, жолымыз да салынды. Бұрын облыс орталығына 12-13 сағат жүріп барсақ, қазір 6-7 сағатта жетіп аламыз. Бұның бәрі үлкен жетістік деп білемін. Ауыл әкімі Нұрлан баламыз бар. Тамаша адам. «Бастығына қарап, елін таны. Түтініне қарап, ауылды біл» деген сөз бар. Ол осы барлық жетістіктердің басы-қасында жүрді. Керемет мектеп пен мәдениет үйіміз, тротуарымыз бар. Бұның бәрін көріп, көз қуанады, - деді 76 жасқа келген қамыстылық қария Амантай Кенжеғалиев.

440956077_998120942317580_2009515304903448655_n

Биылғы жылдың 1 мамырынан бастап «Сайхаденова У.И» жеке кәсіпкерлігінің ұйымдастыруымен «Қамысты – Орал», «Орал – Қамысты» бағытында жолаушылар тасымалдайтын шағын автобус жұмысын бастады.

Міне, шағын округтің көрген жан сүйсінетін тамаша тірлігі бар. Көпті көрген көнекөз қарттарымыз ауылда жатып-ақ ұлт болашағы үшін ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуда. «Қазақтың шығу тегі – ауыл» деген бар. Бүгінде өркендеп, дамып келе жатқан ауылдар аз емес. Қамысты ауылдық округі – соның бірі. Биыл 2 маусымда ауыл әкімінің сайлауы өтеді. Халық өз таңдауын жасайды. Ел тізгіні ауылды көркейтетін, ауыл болашағы үшін жаны ашитын азаматтың қолында болса дейміз.

Гүлзара Мәди, 

Жәнібек ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале