28.07.2020, 11:24
Оқылды: 26

Үнемдеймін деп «көкке ұшпайық»

Теректіде 10 газ толтыру бекеті бар

Темір тұлпардың тек бензинмен жүретінін көріп өскен біздер кейін көгілдір отынмен де діттеген жерге баруға болатынын біліп, аң-таң болғанымыз рас. Жыл артынан жыл өткенде, бұл темір тұлпарлар көгілдір отыннан бөлек, су, күн, желмен де жүретінін тағы естіп, таңдай қақтық. Шопырлардан «көгілдір отынмен жүретін көліктің көмегі көп. Мәселен, ауаны ластамайды әрі бағасы да тиімді» деген жарқын үндерін жиі естідік.

47B5E6AC-B927-4801-B69D-4D39631270CB

Алайда қуанышымыз көпке созылмады. Өйткені газбен жүретін автокөліктердің өртену оқиғаларының көбеюі  көпшілікті алаңдатқаны жасырын емес. Газдың сапасыздығы және көлік иелерінің машина багына газды толтырып алуы, көлікке газ баллондарды дұрыс орнатпауы сықылды себептердің жиі орын алуы салдарынан осындай жағдайларға әкеп соқты. Неге?

Тінін тарқаталық. Мәселен, «арзанның дәмі татымас» деген бар. Яғни бағасы арзан газдың сапасы да нашар болатыны бесенеден белгілі. Айтпасақ та түсінікті. Қай нәрсенің болмасын, молынан болғанын құп көретін біздер, газдың да толып тұрғанын қалаймыз.. Сол себепті ережеге бағынбай, «бітіп қалар» деген оймен көлік багының «ауыз-мұрнына» дейін газбен бітеп тастаймыз. Жалпы, мамандардың айтуынша, көлік багына газды барынша (100%) толтыруға болмайды екен. Талапқа сай 85%-дан аспауы керек.

Айта кетейік, Қазақстан нарығында автокөлікке  газ баллонды орнатудың бағасы шамамен 150 000-450 000 теңге аралығында. Ал керек болса? Мұндай қаржы екінің бірінде жоқ. Сондықтан да көбі газ баллонды өз бетінше һәм арзан бағаға орнатып алады. Осындай жағдайлардан соң қайғылы оқиға болатыны, өкінішті. Десек те, мұндай оқиғаларға қарамастан,  елімізде жылдан-жылға газбен жүретін көліктер көбейіп келеді. Деректерге сүйенсек, Қазақстанда  ай сайын газбен жүретін 15 мыңнан аса көлік тіркеледі екен. Мұның себебі, көгілдір отын  – қазіргі таңда өте қолжетімді болып тұр. Айталық, бұл отынның бағасы литріне 50-65 теңгені құрайды. Жалпы, Теректі  ауданы бойынша автомобильге газ толтыру бекетінің 10-ы бар. Олардың 7-і Подстепныйда, 2-і Федоровкада, 1-і Барбастау ауылдарында орналасқан. Газ толтыру бекеті демекші, Подстепный ауылындағы «Жібек жолы» деген ғимараттың жанынан жуырда жаңа бекет ашылды. Шап-шағын ғана бекет.

«Бұл жерде газ бар деген сияқты белгі жоқ. Орналасқан орыны да ыңғайсыз. Сол жер бізге қауіптірек көрінеді. Мысалы, жанар-жағармай құю бекеттері алыстан менмұндалап тұрады. Мұндай жерге ойын баласы қауіпті аймақ екенін бірден біліп бармайды ғой. Ал мына жерде пропан бар екені де білінбейді. Ойнап жүрген балаларымыз білместікпен барып қалады ма деп уайымдап отырамыз. Газдың аты - газ. Мұны қарап, бақылайтын адам бар ма өзі?» деп уәжін айтты подстепныйлық Бекзат Оңғаров. Осы орайда Подстепный ауылының әкімі Сержан Мәдиевке хабарласқан едік, ол Теректі аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне жөн сілтеді. – Бұл бекеттің иесі (Атырау қаласынан) жерді ұзақ мерзімді жалға алған. Газ құю бекеті сайда орналасқан. Шағын киоскісі бар. Менің ойымша, орналасу жері дұрыс. Өйткені мұндай газ құю орны ашық алаңқайда болуы керек. Алайда, нақты ғимарат болмағандықтан, біз арнайы тексеріс жүргізе алмаймыз,  – деді аталмыш бөлімнің басшысы Ербол Исеев.

«Газ» деген белгі болуы шарт

Естеріңізге сала кетейік, газбен жүретін көлік иелері белгіленген ережені бұзса, «ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің» 410-бабы (Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау) бойынша  5 АЕК немесе 12 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ құқық бұзудың салдары ауыр болса, қылмыстық кодекстің 292-бабы бойынша (Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) арнайы жаза көзделген. Мысалы, оқиғаның ауырлығына қарай, айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазалары қолданылады. Екі немесе одан да көп адам қаза тапса, күдікті 5-10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

63A1E66B-9316-4A59-9824-09075AA0BFC3

Сонымен қатар жабық паркингтерге (тұрғын үй мен сауда кешендерінің астындағы көлік тұрақтарына), егер оның қабырғаларында жарылысқа төзімді арнайы бөгендер болмаса, газбен жүретін көліктер кіре алмайды. Сондай-ақ көліктің жүк салғышында тез жанатын зат, май, газ баллондары болмауға тиіс. Жүк салғышында жанғыш зат бар көліктер машина жуатын бекеттерге де жіберілмеуі керек.

Әмбеге аян, ҚР ІІМ «Газ» деген жазуы бар қызыл түсті үшбұрыш кейпіндегі арнайы белгі жасады. «Белгі машинаға орнатылады. Автокөлікті газбен жабдықтаған кезде техникалық төлқұжатқа міндетті түрде белгі қоясыз, осы белгіні көлікке де ілуге міндеттісіз. Мұндай белгімен  сауда орталықтарындағы тұрақтарға кіре алмайсыз», – дейді сала мамандары.

Газ арзан, қауіп мол

Бір күні Орал қаласынан Теректі ауданына бару үшін көлікке отырдым. Подстепный ауылына жеткенде көлік иесі газ құю бекетіне тоқтады. Машинасында «газ» деген жазуы бар белгі жоқ. Бұл кісі егер аталмыш бекетке тоқтамаса, газбен жүретінін де білмей қалады екенбіз. Бір уақытта газдың жағымсыз исі көлік ішін алып кетті. Осы кезде көліктің алдыңғы орындығында отырған қыз бала «Папа, осы пропан пайдалы ма? (пропан деп көгілдір отынды айтып отыр.-авт.) Исі тым ащы.  Газға толтырған сайын исі мүңкіп кетеді екен» деп көлікті жүргізіп келе жатқан әкесіне қарады.

– Иә, қызым, соңғы уақытта жағымсыз иісті өзім де сезіп жүрмін. Әу баста пропан сапалы болып еді, қазір мүлдем басқа иіске айналды. Баяғы қалтадағы қаржыны ойлап, газдың бағасы бензинге қарағанда арзан деп көгілдір отынға ауыстырып алып едім. Енді қымбат болса, қымбат болсын,  қайтадан бензинге ауысамын. Қазіргі таңда осы газбен жүретін көліктер өртке орануда дегенді жиі естимін. Бастың амандығы керек. Пропаннан пайда бар-ау. Арзан. Дегенмен бағасы арзан екен деп апатқа ұшырап қалмайық, – деді әкесі. Содан не керек жаңағы сөзден кейін Теректіге жеткенше уайымдап бардық.

30B6FD91-ACEB-4422-A83B-C4B2DA7E0E0A

– Егер машина газбен жүретін болса, көлік иесі газ құю бекетіне келгенде ережеге сай жолаушыларды сыртқа шығаруы тиіс дегенді естігенім бар. Бірақ біздерді мүлдем сыртқа шығармайды. Газ-мазын иіскеп қойып, отыра береміз. «Машинадан түсіп сыртқа шығайық па?» дегенімде, шофер «мініп-түсіп машинаның ішін ластайсыңдар, отыра беріңдер» деп дүрсе қоя бергені бар. Көбісі сөйтеді ғой. Газ құю бекетіне келгенде мініп-түсіп жүргендерді көрмейсіз, әйтеуір. Газбен жүретін машинаға енді отырмаспын деп ойлаймын. Алайда қазір қайсысысы газбен, қайсысы бензинмен жүретінін тағы білмеймін. Көлікті тоқтатып қойып, «ағай, газбен жүресіз бе?» деп сұрағаным ыңғайсыз. «Газ» деген жазуы бар белгіні жапсырып алуы керек дейді ғой. Біздің Подстепный ауылында ондай белгіні жапсырып жүрген жүргізушіні көрмедім. Осындайдарды қадағалап, тексеру қажет, – дейді Жанар Ысмағұлова.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале