28 шілде күні Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен «Еуразия әлеуметтік-гуманитарлық зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігі ZOOM бағдарламасы арқылы онлайн «Жақсы сөз – жанның тынысы» атты мекемелер мен кәсіпорындар арасында облыстық сөз сайысы байқауы оздырылды.
Бұл шараға облыс аудандарынан және Орал қаласы бойынша 9 топ қатысты.
- Байқау қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген мамандарды ынталандыру, тілдерді жетік меңгерген қабілетті мамандарды анықтау және қолдау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, мекемелер мен кәсіпорындар арасындағы мемлекеттік тілді меңгерген қызметкерлердің санын арттыру, рухани құндылықтарымызды насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Байқау үш бағыт бойынша топтық түрде өтті.
Таныстыру бөлімінде қатысушы топ 3 минөттен аспайтын қысқаметражды бейнеролик дайындады.
Эссе бөлімінде «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» (Әл-Фараби мен Абай шығармалары негізінде), «Еріктілер ісі – жүрек қалауы», «Біз соғысты көрген жоқпыз» (Ұлы Жеңіске 75 жыл), «Тіл және ұлттық сана», «Ұлтты Абайша сүю», «Ұстаздық – ұлық ісі», «Әлеуметтік желідегі жастар», «Достыққа достық іс керек», «Сөз бен іс» (бүгінгі қоғамдағы адам бейнесі тұрғысынан) тақырыптарының біреуіне эссе жазылды.
«Ой толғау» бөлімінде әр топ А.Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ақынның шығармашылығы төңірегінде ой толғап, ұсыныс-пікірлерін білдірді, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Ганиева.
Байқауда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, PhD докторы А.Ақболатов төрағалық етіп, филология ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры М.Сабыр, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.Шайекенов, Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқарма басшысының м.а. С.Ғаниева, филология ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті А.Абдулманов, филология ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Р.Сұлтанғалиева қазылар алқасының мүшесі ретінде үміткерлердің тіл біліктілігі, тіл мәдениетін, білімдері мен өнерлерін бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің «Құтқарушы-тілшілер» тобы жеңіп алды.
І орынды Орал қалалық полиция басқармасының патрульдік батальонының «Жетінші аймақ» тобы, ІІ орынды «Тасқала аудандың мәдени-демалыс орталығы» МКҚК Ақтау ауылдық мәдениет үйінің «Шамшырақ» тобы, ІІІ орынды Бөрлі ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Рух пен тіл» тобы және Бөрлі ауданы әкімдігінің «Аманат» тобы иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz